6.03.2016, 10:59
Оқылды: 26

Мерекелік дастархан басында

 8 март  Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 8 наурыз - халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында өңірдегі үлгілі аналар және қыз-келіншектермен мерекелік дастархан басында жүздесті.


Қалалық салтанат сарайында ұйымдастырылған шара барысында құттықтаулар мен емен-жарқын әңгімеге кезек берілді.

- Құрметті әжелер, аналар, арулар! Сіздерді көктеммен бірге келетін халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Денсаулықтарыңыз мықты, көрер қызықтарыңыз мол болсын! Айналаңыз әрдайым аман болып, өздеріңіз дәл бүгінгідей жайнап, жарқырап жүргейсіздер! Қай халық та дүниеге адам әкеліп, өмірдің көш-керуенін жалғастыратын анаға, жалпы әйел затына ерекше құрметпен қараған. Елбасы сөзімен айтар болсақ «Әйел - әр шаңырақтың шамшырағы, әр отбасының нұр-шуағы, демек мемлекеттің құт-берекесі». Қазақ қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қыздың жолы жіңішке», «Қыздың орны - төр» деп әрқашан оны жан-дүние байлығына баулыған. Осындай көрегендіктің арқасында қиын-қыстау заман туғанда дұрыс шешім тауып, бір әулетті ғана емес, тұтас елді ұйытып, жақсылыққа бастаған аналарымыз болған. Тұмар ханым, Домалақ ана, кеше ғана жеңісінің жетпіс жылдығын атап өткен қан майданда ерекше ерлік жасаған Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларымыз осы сөзіміздің айқын дәлелі. Осы отырған әрқайсыңыз да өз салаңыздың озық өкілісіз. Сіздерді осынау мереке қарсаңында арнайы құттықтап, емін - еркін отырып ой бөлісіп, пікір алмасқанды жөн көрдік, - деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

аким женщины

ҰОС ардагері Алевтина Митрохина, Лидия Губанова, ақын Ақұштап Бақтыгереева сынды құрметті зейнеткерлер қатысқан кездесуде әр түрлі салада еңбек ететін белсенді әйелдер сөз алып, еліміздегі өздері куә болып жүрген жетістіктер, отаншылдық, ұлттық тәрбие жөнінде ой сабақтады.

- Мен Жұбан елінің ыстық сәлемін ала келдім. Мұхтар Әуезов атындағы мектептің мұғалімімін. Көп балалалы анамын. Қазақтың атбегілік дәстүрін насихаттап жүрген менің отбасымда үш ұлым мен үш қызым атасының ақылы мен әжесінің бесік жырын тыңдап өсіп келеді. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын «Мерейлі отбасы» байқауының 2015 жылғы аудандық кезеңінде біздің отбасымыз жеңімпаз атанып, облыстық кезеңде аталым бойынша марапатталды. Қандай жақсылықтар мен игіліктер болсын ел тыныштығы, отбасы амандығына байланысты. Аналарымыз аман, ұрпағымыздың болашағы баянды болсын! - деді Ақжайық ауданынан келген Қалампыр Есенғалиева.

Облыс басшысы салтанатты жиын қонақтарының әрқайсына ерекше ілтипат танытып, отбасы, қоғам өмірінде атқарып келе жатқан еңбектеріне шексіз алғысын білдірді. Ол сондай-ақ, елімізге танымал дәстүрлі әнші Сәуле Таудаеваны мерекемен тұспа-тұс келген туған күнімен арнайы құттықтап, естелік сыйлық табыс етті. Нәзікжандылар құрметіне әдемі әндер шырқалды. Жиынға шақырылған аналар мен қыз-келіншектерге мерекелік сый-сияпат жасалды.

www.zhaikpress.kz

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале