9.09.2015, 12:25
Оқылды: 23

«Мирландағы баға қалыпты»

Merei 02   «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Айқын тариф» партиялық жобасы аясында «Әділ бағалар» акциясын өткізді. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлардың бағасын қадағалау мақсатында өткізілген шараға «Нұр Отан», «Бірлік», «Ақжол», Жалпыұлттық социал-демократиялық, Қазақстан коммунистік Халық,  «Ауыл»,  «Патриоттар» партияларының және БАҚ-тың өкілдері қатысты.

Шараға қатысушылар облыс орталығындағы тұтынушылар көп баратын «Мирлан» әмбебап базарына бас сұғып, баға мониторингін жүргізді. Алдымен, сүт павильонындағы бағалардың қалыпты, өзгермегені сырт көзге анық байқалды. Жергілікті «Береке» кәсіпорнының ірімшігінің келісі 630 теңгеден, «Жастық» агрофирмасының «Алматы» сары майы 350 келіден сатылуда. Сатушылар сүт өнімдеріне, жұмыртқаға бағаның бұрынғы күйінде сақталғанын айтты. Шұжық өнімдері павильонында да жергілікті шұжық өнімдерінің бағалары өзгермеген. Сатушы Нұрсұлу Жәлелқызының айтуынша, ет өңдеумен айналысатын кәсіпорындар бағаны көтермеу жөнінде меморандумға қол қойғандықтан, бағаны өсірмей отыр.

Базардағы дүңгіршіктерде 1-сортты  нанның бағасы 45, 50 теңгеден тұрды. Рейдке қатысушылар  бір нанды таразыға тартып, оның салмағының 600 грамм, яғни,  талапқа сай  екендігіне көз жеткізді. Көкөніс бағасы да өсе қоймаған. Тек, павильонының ішіндегі әлеуметтік маңызы бар саналатын картоп, пияздың бағалары сыртта, сөрелерде сатылып жатқаннан сәл-пәл жоғарылау екен. Мұны сатушы Жанна Сағынғалиева павильонның ішіндегі өнімдердің  іріктелгенімен әрі тек бөлшек саудада сатылатындығымен байланыстырды. Базар аумағындағы күріш, 1-сұрыпты  бидай ұнының, қарақұмықтың, макарон өнімдерінің бағалары қалыпты болса, кей жерлерде қанттың бағасы жоғарылау екен. Расында, қант бағасы түрліше, бірақ базарда қанттың келісін 160 теңгеден ұсынатын орындар баршылық. Ет павильонындағы  қой еті 750-ден , сиыр еті 800-900 теңгеден сатылуда.

Орал қалалық әкімдігінде де бағаны бақылау жұмыстары қолға алынған. Орал қаласы бойынша «Ел ырысы», «Заря Востока» (Зашағанда) базарларында және М.Ықсанов атындағы орталық көшеде демалыс күндері жәрмеңкелер өткізілуде. Оған 30-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысуда.

 www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале