22.03.2016, 10:52
Оқылды: 15

Молшылық мейрамын қаратөбеліктер де кең ауқымда атап өтті

????????????????????????????????????

   Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылылық әкелетін молшылық мейрамын қаратөбеліктер де кең ауқымда атап өтті.

Бұл күні орталық алаңға жиналған халықтың қарасы өте көп болды.


Бірлік бен татулықтың, жаңару мен жарасымды ынтымақтастықтың дамуына себепші ұлы мерекеде аудан тұрғындары да ұйымшылдықтың озық үлгісін көрсетті. Жаңа күннің жаршысындай болған айтулы мерекелік шараға жиналғандарды құттықтаған аудан әкімі Асхат Шахаров тәуелсіз ел тарихындағы орны ерекше мереке-наурыздың маңызын тарқатып, тілегін арнады.

Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық киім киген қыз-келіншектер дәмі тіл үйірер наурыз көжесін сапырып, ақ бауырсақтарын мереке қонақтарына ұсынды.

Халқымыздың дархан мінезін танытар ұлттық болмысымыз осы мерекеде ерекше көрініс тапты. Мекеме-кәсіпорын қызметкерлері дастарқан мәзіріне жеті шелпегін, құрт, жент, құйрық-бауыр сынды түрлі ұлттық тағамдар ұсынды. Сауда жәрмеңкелері де тұтынушы көңілінен шығарлық дәмдері мен сусындарын ел-жұрт қажеттілігіне жаратты.

Мереке аясында ән мен күйден, мың бұралған биден шашу шашылып, тіршілік атаулы қайта түлеген шақта қоғамның ынтымағы мен бірлігі, бейбітшілігі мен түсіністігі нығая түскендей ерекше әсерге бөледі.

Бұл күні аспан ашылып, күн жылынып, табиғат та нұрланып сала берді. Мейірімін шашқан көктемнің бұл күнін көпшілік берекенің бастауы десіп, жақсы нышанға балап жатты.

Көктемгі бірлік және өзара түсінушілік мейрамына еңбек, тыл ардагерлері, зейнеткерлер, жасы үлкен қариялар арнайы шақырылды. Қонақтар тек мейрам жөнінде ғана емес, қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдары жөнінде білуімен шектелмей, киіз үйдегі бай дастарқаннан да дәм татты.

Мерекенiң ашылу салтанатында аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары «Наурызым – байлық, берекем» атты сазды бағдарлама ұсынып, Қыдыр ата елге, жерге жақсылық, молшылық, табыс, береке, ынтымақ, бiрлiк тiлеп, ақ батасын бердi. Жиналған қауымға Наурыздан наурызға дейiнгi жетiстiктердi жария етiп, Ұлыстың ұлы күнiмен құттықтады. Кимешек киген аналар жаңа күннiң дәмi – наурызкөже, бауырсақ, тәттiлерiн жалпы көпшiлiкке үлестiрiп, ақтан ауыз тигiздi.

Мереке шырайын келтірген «Ауыл әуендері» фольклорлық ансамблімен бірге, жергілікті өнерпаздар Рысгүл Жұмағалиева, Армат Исламғалиев, Аяжан Смағұлова, Нұршат Исламғалиев, Тұрсынбек Ахметов т.б өнер көрсетті.

Спорт десе ішер асын жерге қоятын халқымыз үшін дүбірлі доданың бірі - палуандар сайысы болды. Қарапайым көрермендердің делебесін қоздырған бәсекеде палуандар өзара күш сынасты. Боз кілем үстінде белдескен палуандар бар шеберліктерін сынға салып, жеңісті қолдан бермеуге тырысып бақты.

Бұдан кейін жігерлі жастарымыздың кір тасын көтеру секілді ұлттық ойындарымызға есепсіз қатысуы ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы мол екендігін тағы бір дәлелдей түсті.

Алтыбақанды айнала дуылдасып, қызылды-жасылды киінген көпшілік мерекелік көңіл-күймен мидай араласып, бір-бірімен көрісіп, сәлемдесіп, той думанын қыздырған Наурыз мерекесінен ерекше көңіл күймен тарқасты.

www.zhaikpress.kz

Ертай БИМҰХАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале