22.07.2015, 18:55
Оқылды: 22

Мырзағұлдың маңдайы жарқырады

Turkvizion Mirzagul   Шілденің 21-інде «Bala Turkvizyon Қазақстан» І халықаралық балалар әні байқауына ұлттық іріктеудің облыстық кезеңі өтті. Оған 8-13 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Авторлық әлеуметтік жобалар арқылы дарынды жастарға қолдау көрсететін Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының мұрындық болуымен бұл байқау барлық өңірде ұйымдастырылып келеді. Негізгі мақсат – балаларға арналып қазақ тілінде жазылған жаңа әндерді жарыққа шығару.

Облыстық жастар шығармашылығы орталығында алғашқы бөлім бойынша озық шыққан отыз талапты өркеннің өнерін Қазақстан эстрадасының танымал тұлғалары - «Заман» тобының әншілері Ерген Айтымбетов пен Әсет Қарабалин, белгілі сазгер Арман Дүйсенов бағалады. Қазылар алқасының шешімімен Мырзағұл Алмағамбетов жеңімпаз деп танылды. Байқаудан үздік шыққан өрен Астана қаласында өтетін өнер бәйгесіне қатысады. Оған дейін барлық өңірден келетін үміткерлерді Алматы қаласындағы «Жұлдызды үйде» арнайы кәсіби мамандар екі апта бойына дайындайды. Біздің облыстан қатысатын әнші баланың жұлдызды тәлімгері – Ерген Айтымбетов.  Үкілі үмітті дарын бас қалада бәрінен басым түссе, Түркияның астанасы Стамбул қаласында болатын «BALA Turkvizyon - 2015» байқауының гранд-мәресіне жолдама алады. Мырзағұл – Орал қаласындағы №44 ЖББОМ-ның 6-сынып оқушысы, «Қазақстан-Орал» телеарнасында көрсетілетін «Бозторғай» балалар фестивалінің жүргізушісі.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале