29.05.2015, 12:12
Оқылды: 21

Мыңнан астам жас жұмыспен қамтылмақ

studenttik enbek jasaktari «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының III жазғы еңбек семестрінің ашылуына орай баспасөз отырысы өтті.

Оған БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, жасақ командирлері мен сарбаздары қатысты.

Шара барысында Облыстық студенттік құрылыс жасақтары штабының жетекшісі Әділгерей Зұлхаровтың мәлімдегеніндей облыс бойынша биылғы құрылыс жасақтарына кемінде 300-ден астам жас жұмысқа тартылмақ. Былтыр құрылыс жасағы құрамында 298 студент жұмыс жасаған. Биыл бұл бағытта әзірге 200-дің үстінде студенттің өтініші қабылданған. Еңбек жасағында жұмыс істеуге студенттерден бөлек 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген жас өтініш білдіре алады. Төменгі жалақы 50 мың теңге болмақ. Үлгілі еңбек ету арқылы бұдан да жоғары жалақыға ие болуға мүмкіндік қарастырылған. Жұмысқа 18-ге толған жастар қабылданады. Өйткені олардың әрбірімен «Азия Тех Строй», «Болашақ-Т», «Марасан», «Аджип», «Отделстрой», «Жиенбай» ЖШС секілді құрылыс компаниялары жекелеген еңбек шартын жасайды. Жасақ сарбаздары Орал қаласының аумағында салынып жатқан түрлі нысандарда және көшелердегі жол құрылысында еңбек ететін болады. Жыл соңында әдеттегідей «Үздік жасақ», «Үздік командир», «Үздік сарбаз», «Үздік жұмыс беруші» аталымдары бойынша марапаттау рәсімі өтеді.

Сондай-ақ, жиын барысында облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының жетекшісі Қанат Досмағамбетов биыл «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша облыста 750 жас жұмыспен қамтылатынын айтты. Олардың 350-і Орал қаласының аумағында, 400-і аудандарда жұмыс жасамақ. Әр сарбазға берілетін жалақы 37 мың теңгені құрайтын болады.

Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары маусымның 1-інен бастап жұмысқа кіріспек.

www.zhaikpress.kz

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале