1.06.2016, 17:09
Оқылды: 33

Мың балаға шаттық сыйлаған күн

deti Kadr (1)     Балалар мерекесіне орай Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында «Нұрлы болашақ» бүкілқазақстандық  акциясы шеңберінде 1000-ға жуық баланың  қатысуымен мерекелік шара ұйымдастырылды.

        Шараға облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған, облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған, зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаттары мен балалар үйінің,  балалар ауылының тәрбиеленушілері мен қала мектептерінің оқушылары қамтылды.


   Амфитеатрдың кіреберісінде облыстық экологиялық-биологиялық орталығы «Табиғаттың кішкентай ғажайыптары» атты кіші зообақ көрмесін ұйымдастырған. Ал мерекелік кеште «Жас Ұлан» ұйымының белсенділері қызықты флеш-мобтар мен шоу бағдарламаларын ұсынды. Мұнда қуыршақтар мен ертегі кейіпкерлері ортаға шығып, балалармен бірге биледі. Концерт барысында ұйымдастырушылар барлық балаларға сабын көпіршіктерін таратып, «Қуаныш сыйла!» атты дремфлешін өткізді. Барлық бала өздеріне сыйға берілген сабын көпіршіктерін бір мезгілде ауаға үрлеп, көңілдерін көтерді. Одан әрі «Свинка Пэппа және оның достары» мультфильмінің кейіпкерлері келіп, кішкентай көрермендермен  түрлі ойындар ойнады.  Ал «ЮСИМАС» оқу орталығының жас генийлері балаларға математикалық қиын есептерді шешудің оңай тәсілдерін үйретті.

   Сондай-ақ шара кезінде «Гармония» би студиясының жас бишілері «Черлидинг», «Аягөз» би тобы «Қуыршақтар» биін билесе, Меланья Зиборова, Ділда Сәрсенғали, Мырзағұл Алмағамбетов, Рената Иманқұлова секілді жас өрендер әннен шашу шашты.

      - Құрметті жас достар! Баршаңызды облыс әкімі Алтай Көлгіновтың атынан Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын!  Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін балалар мерекесі сіздерге тек қуаныш сыйласын!  Еліміздің әр баласының бақытты,  тәрбиелі азамат болып өсуіне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Жыл сайын жаңадан мектептер мен балабақшалар салынып, білім ошақтары жөндеуден өтуде. Мұның бәрі балаларға деген мемлекеттің қамқорлығы деп түсінгеніміз жөн. Биыл облыс көлемінде жазғы лагерьлер алғашқы жұмыстарын бастап, 77 мың бала түрлі лагерьлерде демалатын болады. Бұл барлық оқушылардың 90 пайызы десек, үлкен көрсеткіш екенін атап өткім келеді. Бүгінгі мереке қарсаңында балалардың жүздерінен күлкі кетпей, дендері сау болып, келесі оқу жылын сәтті бастауға тілек  білдіремін, - деді қала әкімі Нариман Төреғалиев.

         Бұдан бөлек мәдениет және өнер орталығының алаңында «Ханталапай» асық ойындары, асфальтта сурет салу және түрлі байқаулар ұйымдастырылып, барлық балаларға тегін балмұздақ үйлестірілді.

    Мейрам  күні аудандар мен қаладағы барлық музейлер мен көрме залдары, облыстық экологиялық-биологиялық орталығы балаларға тегін қызмет көрсетті.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ҒИНИЯТҚЫЗЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале