21.05.2015, 12:27
Оқылды: 59

Мұқан Жәңгірұлы Нұғыманов

Mykan Jangiryli  Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауылынан 5-6 шақырым, құм етегінде қазіргі уақытқа дейін «Нұғыман ағашы» делініп жүрген немесе «Ақ көл» аталуының түп төркіні былай болса керек. «Ақ көл» - шотқаралардың мекені болыпты.

Осы құмның етегіне орналасқан Нұғыман ауылында шотқара 7-8 ағайындар тұрған. Нұғыманның рулық шежіресі Шотқара, одан Айбас, Жарымбет, Ақсары, Сырлыбай, одан Қасаболат, Оның бәйбішесінен Уса. Усадан - Шүрет. Шүреттен Досым, Сақып, Есен, Есім, Жәңгір деп кестеленеді. Қаратөбедегі шотқаралар қауымы Сарымоланың ортасында тұрған Шүреттің құлпытасы  кезінде биік болыпты. Заман өткен сайын жер танабы қалыңдауға байланысты Шүреттің құлпытасы да шөгіп, бақарғаны сондай қазір кіндіктен сәл жоғары тұр.

Шүретұлы Жәңгірдің Нұғыман, Керей деген екі бала болған. Нұғыманнан  Мұқамедияр,  Шадияр,   Үмбетияр,    Балду, Бектенияр, Кенжеғали , Мұқан  (азан шақырып қойған аты Мұқанбетәлі) деген жеті баласы болған.

Мұқан ағайдың өмірге  келген  уақыты  үлкендердің айтуынша, 1914 жыл болуы керек, ал құжаттарда 1917 жылы желтоқсан айында деп жазылыпты. Әкесі Нұғыман 1918 жылы қайтыс болған. Шешесі де көп кешікпей өмірден өтіп, Мұқан жастайынан ағаларының тәрбиесінде болған. 1922 – 1923 жылдары ауыл молдасынан сауатын ашқан. 1924 жылы оны Мұқамдияр ағасы Қаратөбедегі балалар үйі – «приютке» орналастырады. Қаратөбеде мұғалім Дәуешов Хайдардың оқытуымен үш сыныпты бітіреді. Мұқан ағай бұл ұстазымен 1947 жылы «Сталин жолы» (қазіргі Қалдығайты) колхозында кездесіпті.

Mykan Jangiryli 03 Қаратөбедегі мектептен соң 4 - сыныпты Сабынкөл ауылында, 5 – сыныпты Қаратөбе ауылында оқып бітіріпті. Тұрмыстық жағдайлары нашар болуынан оқуын әріқарай жалғастыра алмапты. Ауылдағы ашаршылық, колхозды ұйымдастыру кезіндегі бастапқы уақытта қатты қиналған халық өз бетімен күн көріс жолдарын іздестіріпті. Осындай себеп, салдардан 1931 жылдың жазында 25 үй көшіп, Башкириядан бір шығыпты. Қаратөбеден көшіп келген бір ауыл болып өз түтіндерін түтетіп, күндерін көріп жүргенде арттарынан іздеп елден келген кісі  елдегі тұрмыстарының оңалғанын, колхоздың тыныс – тіршілігінің жақсарғанын айтып, елге көшуге үгіттегесін бұлар 1932 жылдың жазында елге қайтып көшіп келіпті.

Солақай саясаттың зобалаңынан соң қарапайым халықтың басына қара бұлт үйіріліпті. Тыңшылардың көрсетуімен колхозда жасап жүрген ағайындары шаталып, ұсталыпты. Осындай қиыншылықтарды көзімен көрген Мұқан колхозды тастауға, қуғын - сүргінге ұшырап жатқан колхоздан біржола кетуге бел байлапты. Сөйтіп, «Тұщықара» совхозындағы жұмысшылар кооперациясының бухгалтериясында жасайтын Мұқанбетияр ағасына барады. Жарман мешіті деген жерде сепараторда жұмысшы болып орналасады.  1933 жылы тамыз айында Алматыда оқып жүрген Төлеген Жұмақаев жазғы демалысқа келіпті. Ол Мұқанды көріп, жағдайын біліп, әңгімелескенде оның еті пысық, білімге құштарлығын байқап, оқуға кеңес беріпті. Осы ақыл – кеңестің арқасында Мұқан ағайындарынан азды-көпті қаражат жинап, оқу іздеп, Төлегенге ілесіп кетуге жиналыпты.

«Қаратөбе» совхозының қазіргі Қоскөл фермасында тұратын Төлегенің әкесі Тау деген ақсақал 1933 жылдың тамыз айының 20-ларында  Беркінғалиев Ғазез (Қажымұратов Сәңкібайдың туысы), Төлеген үшеуімізді түйе арбамен екі күнде Тұзтөбеге жеткізді. Тұзтөбеде таныс үйіне қондырып, ертеңіне Москва – Алматы поезына мініп, жолға шықтық. Алматыға келгесін Төлегеннің танысы қаратөбелік Бейісәлиев Сыдықбай деген кісінің үйіне қондық. Ол кісі институттың дайындық бөлімінде сабақ береді екен. Алматыдағы малдәрігерлік институттың дайындық бөліміне түстім. Одан орта білім алу үшін Қапланбек рабфагін бітірген. 1935 жылы Алматыға қайта келіп, сол малдәрігерлік институтқа түсіп, оны 1940 жылдың қаңтар айында бітіріп, мал дәрігерлік мамандығын алыпты. Қарағанды облысының Тельман атындағы совхозда мамандығы бойынша жұмыс жасадым» - деп еске алады Мұқан Нұғыманов ағай.

Одан әрі бұл кісінің өмірлік жолы, тағдыры төмедегіше қалыптасады. 1940 жылдың желтоқсан айында Совет Армиясы қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста азаматтық борышын атты әскер полкінде өз мамандығы бойынша өтепті.Ұлы Отан соғысы басталған соң 1942 жылы 5 - 6 мал дәрігерлерін Мәскеу қаласына оқуға жібереді. Соғыс қызу жүріп жатқан уақытта бұлар Әскери – малдәрігерлік Академияда екі айлық дайындықта жеделдетіле оқып, сәуір айында майданға жіберіледі. 1942 жылдың мамыр – маусым айларында Смоленск, Брянск, Калинин облыстары аймағында екі айдан астам қырғын соғыс болған. Бұл кезде Мұқаң артиллериялық полкта аға мал дәрігері, әскери шені (капитанмен бірдей) 3 - рангалы әскери мал дәрігері екен. Бұлардың жұмысы – аттарды әскери қалыпта ұстау үшін бағып, күту, қажет дегендеріне мал дәрігерлік қызмет көрсету. Жарақаттарын емдеу, операция жасау, ауыр жараланғандарын тылға жіберу. Оларды интенданттық қызмет бөлімі деп атайды екен. 1942 жылы шілде айының бас жағында командирлері біздің бірнеше дивизия жаудың қоршауында қалғанын хабарлапты. Көпшілік қызыләскерлер фашистердің қолына түсіпті. Ішінде Мұқан да бар бірнеше мың тұтқынды Беларуссияның Баранович деген жерінде, ағаштың ішінде жасалған тұтқындар лагеріне әкеліп қамапты. Қашып кетпесін дегені шығар, үстеріндегі киімдерін шешіп алып, ескі жыртық шинел, аяққа ағаш галош кигізіпті. 1942 жылдың күзі басталған. Аш, жалаңаш тұтқындардың жағдайы қиын болыпты. Содан қыркүйек айының аяқ кезінде немістер «азият» дейтін 15-16 өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, тәжік жігіттерін бөлек алып шығып, Баранович деген жерден вагонга тиеп, бір жерден шығарыпты. Бұл Польшаның жері екен. Варшавадан 15-20 шақырым жердегі Легион деген үлкен лагерге әкеліпті. Бұл Совет Армиясының тұтқындағы қызыләскерлерін ұстап отырған тұтқындар лагерінде әр ұлттың өкілін кездестіруге болады екен. Осында бірер ай шамасында тұрған 3 тұтқынды бөлек алып шығып, поезға мінгізіп, 5-6 сағат жүргеннен кейін бір станцияға әкеліпті. Осы қалаға келгесін тұтқындардан құралған мал дәрігерлік пунктте жұмыс жасатқызыпты. Күзге қарап, дәлірек айтсақ қараша айында оларды немістер басып алған Ворошиловоградқа алып келіпті. Алғы шепке жақын бұл қаланың шет жағын совет әскерлері азат етті. Он бес шақты «азияттар» совет армиясы басып алған жерге келіп, командирлерге мәлім болыпты. Өздерінің бүкіл «тарихын» жасырмай айтыпты. Жан – жақты тексеруден кейін Мұқан ағайды бұрынғы аға әскери мал дәрігері етіп, мал дәрігерлік қызметтің капитаны шенімен мамандығы бойынша қызметін жалғастырыпты. Сөйтіп, атақты №4 механикаландырылған, атты әскер корпусы құрамында болып, Украина, Белоруссия, Польша, Венгрия, Румыния, Чехословакия елдерін азат етуге қатысыпты. Бірнеше рет жарақат, контузия алыпты. Мұқан аға соғысты әскери атақ  капитан дәрежесінде аяқтаған, «бірінші дәрежелі Отан соғысы» , «Қызыл Жұлдыз»  ордендері ,бірнеше медальдармен марапатталған.   1946 жылы әскерден біржола босап, Алматыда тұратын ағайыны,атақты қазақтың жез таңдай әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтің үйіне соғып, ауылға келіпті.

1946 жылдан Алматы, Қызылорда, Орал облыстарында жалпы ауыл шаруашылығы саласында өз мамандығы бойынша жұмыс жасады. Оралда облысаралық колхоз басшы кадрларды дайындайтын мектепке оқуға алынып, сонда оқып жүргенде 1949 жылдың мамыр айында НКВД «сен соғыс кезінде төрт – бес ай жоқ болып кетіпсің. Немісте тұтқында болыпсың» деген айып тағып, жатқан үйін тінтіп, армияда жүргенде түскен көптеген фото суреттерді алып кетіп, өзін тұтқындапты.

Мұқан Нұғыманов өзін жауаптаған кезде тұтқынға түскен жалғыз мен емес. Қоршауға түскен бүкіл дивизия қызыләскерлері, басшы командирлері де немістерге тұтқын болды. Дұрыс ойласаңыз осылай амалсыздан тұтқынға түстік. Бірақ, ішінде мен бар бір топ қызыләскер ебін тауып, лагерден қашып шығып, алғы шептегі өз әскерлерімізге қосылғанымызда әскери бөлімдегі «ерекше бөлім» мықтап тексерді. Кінәлі болсам, сол жерде не атып тастап, не соттап жіберер еді ғой. Айыбым болмағасын, әскери шенімді қайтарып, мамандығым бойынша қызмет еттім. Алған орден, бірнеше медалдарым бар» десе де, НКВД қызметкерлері Бас Қолбасшымыз И.В. Сталин жолдастың «біздің жауынгерлер арасында әскери тұтқын деген болмайды. Ол соңғы оғымен өзін - өзі атып өлтіріп, жау қолына түспеуі керек. Егер ондай адам болса, ол өз чекистерімізбен тұтқындалып, түрмеде атылып, не лагерде жазасын алу керек» деген нұсқауы бар. Осыған сүйене отырып, біз сені тұтқындаймыз. Аржағын тергеуші мен сот шешеді», - деп әлгілер Мұқанды айдап кетіпті. Ақтап жіберейін десе, Сталиннің ерекше нұсқауы бар. Содан қорыққан шығар, сот екі рет болыпты. Осылай асыра сілтеудің «салқыны» Мұқан ағаға да тиіп, ақыры ол он жылға сотталыпты. КомиАССР – дегі Интоугол (Воркута) лагерінде шахтаға көмір қазуға салыпты. Кейін жеңілдеу жұмысқа ауысып, Сталин өлгеннен кейін 1955 жылдың қыркүйек айының 17 күні болған амнистияға сәйкес ақталып, лагерден біржола босап, 1955 жылдың қараша айында Қаратөбеге келіпті.

Елге аман-есен оралған Мұқан аға соғыстан соң туған өлкесі -  Қаратөбе ауданында ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал дәрігерлік қызметі саласында алғашқы ветеринар  маман ретінде,басшылық  қызметтерде 40 жылдан астам мал басынын өсуі мен сақталуына  өз үлесін қосты.1956 жылдың маусым айынан 1971 жылдың маусымына дейін Қаратөбе аудандық малдәрігерлік лабораториясында 15 жыл  директор болып жасаған. 1971 жылдан 1983 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін малдәрігерлік бекетінде аға мал дәрігері болып жасаған.

Кеңес үкіметі мен Коммунистік партияға адал қызметі үшін екі жауынгерлік орден, 13 медаль, бірнеше грамоталары бар.

Мұқан ағайдың бәйбішесі Бахсейітова Жамал апай ұзақ жылдар сауда саласында есеп қызметкері болды. Құдай қосқан қосағы Мұқан Нұғымановпен 49 жыл отасты.      Әр пенденің өмірге келгендегі мақсаты – ел қатарлы тіршілік етіп, өмір сүру, артына көздеген мақсатын жалғастырар ұрпақ әкелу, олары оқыту, ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшыру. Осылардан немере, жиен сүю. Мұқан ағай мен Жамал апай осындай қуанышқа бөлеген жандар.

Бақытжан мен Марғұлан есімді екі  ұл,Әлия есімді бір қыз тәрбиелеп өсірді. Осы ұрпақтарынан бірнеше немере ,жиен сүйді.

Қаратөбе селосында тұратын соғыс және тыл ардагерлері салтанатты жиналыстарда бас қосып, «біздер майдандағы ұрыс даласында қаруымызбен, тылда еңбекте төгілген ащы терімізбен Жеңіс күнін жақындаттық», - деп мақтанып, ескерткішке суретке түсетін. Бүгінде бұл ардагер аға, апаларымыз өмірден өтсе де, түскен сол суреттері қалды.

Мамандығы мал дәрігері болса да, Мұқан ағай жастайынан қазақ халқының бай ауыз әдебиетін оқиды екен. Арабша сауаты бар ол Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың арабша жазылған кітаптарын оқып, қайсыбірін кирлица әрпімен қазақшалауға ерінбейтін.

Қаратөбе өңіріне үлгілі отбасы иесі Мұқан Жәңгірұлы Нұғымановтың бәйбішесі Жамал Бахсейітова  1997 жылы шілде айының 5 күні өмірден өтті. Осы жылдың қараша айының 3 күні Нұғман қарттың тұяғы Мұқан Нұғыманұлы Жәңгіров 80 жасында қайтыс болды. Бір жылдың ішінде өмірден өткен бұлар Қаратөбе ауылының іргесіндегі шотқара Шүрет жатқан Сарымолаға жерленді.

 www.zahaikpress.kz

    Қайыржан Хасанов

жазушы    

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале