14.08.2015, 17:51
Оқылды: 55

Мәдениет ошақтары жөнделуде

ZHТеректі ауданында мәдениет ошақтарын жаңарту мен жаңадан салу жұмыстары соңғы жылдары қарқын алды. Биыл Приречный және Төңкеріс ауылдарындағы Мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтеді. Аудан әкімі  Жеңіс Серікқалиев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Қанат Өтеғалиев аталмыш ошақтардың жай-күйін қадағалады.

Жергілікті бюджеттен 46 млн.теңге  бөлініп, жөндеу жұмыстары басталып кеткен Приречный ауылының Мәдениет үйі 1967 жылы іргетасы қаланған. Содан бері талай заманның куәгері болған мәдениет ошағының жағдайы соңғы уақытта күн тәртібінен түспейтін еді. Енді аудан басшысының тікелей тапсырмасымен бұл ошаққа күрделі жөндеу өтуде.

Жөндеу жұмыстарын қолға алған «АльфаСервисСтрой» ЖШС-нің басшысы С.Басаровтың айтуынша, Мәдениет үйін қараша айының соңына дейін пайдалануға береміз деп отыр. Қазір жұмыс қызып тұр. Нысанда 18 адам қызмет етіп жатса, соның 9-ы жергілікті тұрғындар. Әлі де жұмыс қолын тарту жоспарда бар екен. Сонымен қатар аудан басшысы Приречный орта мектебінің қысқа дайындығын көзбен көріп,  атқарылып жатырған   жұмыстарға оң бағасын берді.

Аудан әкімі Ж.Серікқалиұлы Төңкеріс ауылындағы Мәдениет үйінің жай-күйімен де танысты. Бұл мәдени ошақты жөндеуден өткізу үшін  жергілікті бюджеттен 22 млн.теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Енді жұмыстармен айналысатын мердігердің анықталуы қалып отыр. Аудан әкімі  күз айында жұмыстар басталып, қысқа дейін қолданысқа берілетіндігін айтады.

Төңкеріс ауылындағы мектепке де биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда.  Жөндеу жұмыстарын атқарып жатырған «СарманИнвестСтрой» ЖШС басшылығының айтуынша, тамыз айының аяғына қарай барлық жұмыстар бітіп, оқушыларға жаңарған мектеп құшағын айқара ашатын болады. Аудан басшысы да осы мақсаттың орындаларына сенім білдіріп, жұмыстарға сәттілік тіледі.

www.zhaikpress.kz

Әділет  ОРЫНБАСАРОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале