23.05.2016, 19:41
Оқылды: 22

Мәдениет – халықтың асыл мұрасы

Janibek madeniet    21 мамыр – елімізде шығармашылық адамдарының мәртебесін айқындайтын, маңызы ерекше күн. Бұл атаулы күн 2013 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген болатын.


    Мәдениет – елдің ең асыл рухани байлығы,  асыл мұрасы. Ұлттық мәдениетіміздің дамуына өзіндік үлес қосуға атсалысып келген ауданымыздың мәдениет саласының майталмандары  21 мамырда  Мәдениет және өнер қызметкерлері күнін атап өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Мұрат Мұқаев өнер иелерін мерекемен құттықтап, бірқатар мәдениет қызметкерлеріне «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы және өз атынан алғыс хат табыс етті. Ол өз сөзінде мәдениет қызметкерлерінің қоғам өмірінде орасан зор рөл атқаратынын, өз өнерлерімен халықтың рухын көтеріп, оларға қуаныш сыйлайтын тұлғалар екенін атап өтіп, жұмыстарына жеміс тіледі. Одан әрмен шара мерекелік концертке ұласты. Сахна төріне Райымбек Кәрімов шығып «Шын жүректен» әнін шырқаса, аудандық «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі Дайрабайдың күйі «Дайрабайды» нақышына келтіре орындады. Содан соң аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов еселі еңбек етіп жүрген бірқатар мәдениет саласының үздіктеріне облыстық мәдениет басқармасының алғыс хаты мен сыйлықтар тарту етсе, аудандық мәдениет қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлжиян Ниязалиева салалық мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіптік одақ БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырхановтың алғыс хатымен бірқатар мәдениет саласының мамандарын марапаттады. Әнші әрі сазгер Уахит Сариев Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Досыма» әнін баян аспабының сүйемелдеуімен орындады. «Аққайың» үлгілі би ансамблінің жетекшісі Гарифа Азербаева мың бұралып би билесе, қыздардан құралған трио «Туған жер» әнін тамылжыта шырқады. Қазіргі таңда қоғамдағы дерттің бірі – некесіз туылған шарананың зарын Ақнұр Азаматова «Тірі жан» монологымен шебер жеткізе біліп, көрермендердің көзіне жас ұялатты. Концерт барысында  Ақтоты Ешматова, Мейрамгүл Дәулетқалиева, Аслан Есенов сынды әншілеріміз көпшілікке ән арнаса,  қасиетті Ақоба топырағының өнер тарландары әсем әннен шашу шашты.

www.zhaikpress.kz

Арайлым КЕСЕКОВА

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале