21.04.2016, 12:17
Оқылды: 21

Мәлік - Азияның қола жүлдегері

Borli Malik     Филипиннің Манила қаласында пара-таэквондодан өткен Азия чемпионатынан қола жүлдемен оралған Мәлік Мұқашевты аудан жастары Ақсай қаласына кіреберіс жол бойында зор құрметпен қарсылап алды.

     Жастар ұсынған қазақы дәмнен ауыз тиген Мәлік оларға шынайы ризашылығын білдірді.


      Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ. Насипов, аудандық балалар және жасөпірімдер спорт мектебінің директоры Е. Исанов пен «Ақсай» спорт кешені директоры И. Қарабаевтар Азия елдерінің спортшылары арасында өткен үлкен додада аудан мен облыстың ғана емес, республиканың атағын асқақтатып,  жүлдеге ие болған Мәлік Мұқашев пен бапкері Ербол Мерғалиевті құттықтап, алғыстарын айтып, алда алар асулар көп болсын деп тіледі. Сонымен қатар Бөрлі ауданының спорты қарқынды дамып, еліміздің көк туын желбіретер атақты спортшылар шыға берсін деген тілектерін айтты. «Чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Менің қарсыластарым Непал мен Ресей елдерінің спортшылары болды. Екі жекпе-жек өтті. Финалға жолдама беретін ойында жеңіліп қалдым. Өкініштісі сол, бір ғана балл жетіспеді. Мен әрі қарай жаттығып, бұдан да жоғары тұғырдан көрініп, жетістіктерге жетемін деп ойлаймын. Бұл жарысқа бір айдай дайындалдым. Жалпы аптасына үш рет жаттығамыз», - деп, жүзінен жылылық ескен Мәлік бапкерлеріне, өзіне қолдау көрсеткендерге алғысын білдірді.

     Айта кету керек, Мәлік Мұқашев бұл жарысқа Батыс Қазақстан облысынан қатысқан жалғыз спортшы. Бұл додада ел құрамасында сондай-ақ екі павлодарлық және бір тараздық спортшы өнер көрсеткен. Ел қоржынында 1 алтын, 2 қола медаль бар. Пара-таэквондодан Батыс Қазақстан облысы бойынша бас бапкер әрі Мәлік Мұқашевтің жеке бапкері Ербол Мерғалиев батысқазақстандықтарды жүлдемен құттықтап, өз ойымен бөлісті. «Мәлік 75 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанып отыр. Біздің спортшылар лайықты өнер көрсетті. Жан-жақты қолдау көрсетілді. Бұл Мәлік екеуміздің ғана емес, бізді қолдаған барша жанның жүлдесі деп ойлаймын. Алдағы уақытта да тиянақты жаттығып, талай додаларда топ жарамыз деп сенемін. Енді Африка, Европа чемпионаттарына дайындалатын боламыз. Осы чемпионатта Қазақстан құрамасы Азия елдері арасында үшінші орынға табан тіреп отыр», - дейді бапкер.

     Мәлік Мұқашев бұл спорт түрімен 2014 жылдың қыркүйек айынан бері айналысып келеді. Осы екі жыл ішінде Әлем чемпионатына қатысып үлгерген спортшы Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Енді, міне, Азия чемпинатының қола жүлдесіне ие болды. Қашанда жігері жасымаған Мәлік өзіндей жастарға үлгі болып келеді. Мақсаты айқын спортшыға «жеңісті күндерің алда, тек қана алға!» дегіміз келеді.

www.zhaikpress.kz

Ясипа РАБАЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале