17.06.2015, 13:10
Оқылды: 45

Мәскеуден келіп, қазақша кітап оқыған...

Akjayik Moskbadan kelip kitap okidiБүгінгі жаһандану дәуірінде үлкенді-кішісі «сиқырлы сандыққа» үңіліп, жер-жаһандағы жаңалықты білуде. Бұның жақсылығы көп болғанымен, оның кері әсері тиіп жатқанын да көріп, біліп отырмыз. Өйткені, жұрт кітап оқуды қойды. Кітапханадағы оқырмандардың тізіміне көз жіберсең, мектеп оқушылары, бала-шағалар...

Бірақ осы ойымызды теріске шығаратын жәйттің де куәсі болдық. Мәскеу қаласының тұрғыны Надежда Холопова жаз айында  Казталов ауылында тұратын анасы Валя апаға қыдырып келгенде, бірінші баратын жері – аудандық кітапхана екен. Аз ғана шегініс. Надежда Холопова Қазталов ауылының байырғы тұрғыны.

Ал, өзінің анасы Валя апа бүгінде Қазталов ауылында бақуатты тұрмыс кешуде. Валя апамен сөйлесе қалсаңыз, қазақшасымен қазақтарды «сүріндіреді». Кітапханаға Надежда өзінің 7 жасар қызы Викториямен жаз айында келгенде кітапханада болуды дағдыға айналдырған. Мақсаты – қазақ тіліндегі кітаптарды қызына оқытып таныстыру екен. Ал өзі қазақша оқып, еркін сөйлейді.

Надежданы әңгімеге тартқанда, ол: - Мен осы ауылда туып өстім. Қазір Мәскеу қаласында тұрамыз. Жастайымнан қазақ тілін біліп өстім. Өте сұлу да бай тіл. Қазіргі күнде Мәскеуде бұл тілдің  ортасы болмағасын жолдасым Коля екеуміз тілді сағынғанда үйде қазақша да сөйлесіп аламыз. Ал, анам Валяға жазда қыдырып келгенде қазақ тілінде сөйлеп, бір жасап қаламын. Қызым Викторияны ата-анасының кіндік қаны тамған елдің тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін білсің деп әдейі кітапханаға жыл сайын алып келемін.

Айтпақшы, жастық шағымыз, Колямен алғашқы кездесудегі махаббат туралы сөздер қазақ тілінде айтылып еді, -деп күліп қойды Надежда апамыз.

www.zhaikpress.kz

Жұлдыз АСҚАРҚЫЗЫ

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале