28.12.2015, 21:45
Оқылды: 35

Мәуліт мерекесі

 Maulit Karatobe  Мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – Мәуліт мерекесін атап өту тәлім мен тәрбиеге толы рухани мереке екендігі даусыз.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында асыл дінім Ислам дініне көп көңіл аударып келеді. «Біз - мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек»,- деп салиқалы пікірі саналыға терең ой салары хақ.


Апта ішінде аудандық мәдениет үйінде сауапты да салауатты іс-шара – Мәуліт кешіне орай «Пайғамбар (с.ғ.с) өмірінен үздік сыр...» атты рухани танымдық кеш ұйымдастырылды.

Аллаға мадақ, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалды.  Алдымен жамағат пайғамбарымыз Мұхаммед туралы «Өнегелі өмір » атты бейнефильмді тамашалады.

Алғашқы құттықтау сөз кезегін алған Қаратөбе аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев ата-бабамыз ұстанған Ислам дінінің құндылықтары және Мәуліт мерекесінің мәні мен маңызына тоқталып, тереңнен ой өрбітті.

Мереке барысында айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұл «Мәулітке арнау» атты жырын домбырамен әуелетіп орындағанда, жиналған жұрт үлкен ықылас танытты.

Мәуліт мерекесіне арналған кештің мән-мазмұны мен мақсаты халқымыздың  рухани әлеуетін арттыру, сондай-ақ имандылықты кемелдендіру, қоғамдағы жат қылықтар мен жаман әдеттерден арылу, ислам дінінің асыл құндылықтарын насихаттауға бағытталды.

Рухани кеш барысында «Қатыгез келін, тас жүрек бала», «Аллаға шүкіршілік» атты қойылым ел назарына ұсынылды.Жас өнерпаздар патриоттық, имандылық бағытта әндер шырқап,халық ықыласына бөленді.

www.zhaikpress.kz

Тоты ЖАҚСЫЛЫҚ

«Қаратөбе өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале