30.09.2016, 19:36
Оқылды: 37

«Мәңгілік елдің ұстазы»

   togzhanov      Осындай атаумен облыстық қазақ драма театрында ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов арнайы қатысып, ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтады.


- Бүгінгі ұстаздар мейрамы - барша адамзат үшін ортақ мереке. Себебі ұстаз  бүгін мен ертеңді жалғайтын алтын арқау, келешекке жол көрсететін шамшыраққа тең. Білікті де білімді маман қай заманда да елдің мықты тірегі болғаны белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев егемен еліміздің әрбір ұрпағының сапалы білім, саналы тәрбие алып, өмірде өз орындарын табуды әрдайым басты бағытта ұстауы да соны меңзейді. Бүгінгі күні еліміздің белсенді жастары шет мемлекеттерде білім алып, елге оралып, туған жерінің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Халқымыздың біртуар батыр ұлы Мәлік Ғабдуллин ағамыз «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, мінезімен, сыртқы келбетімен әрбір оқушының санасына әсер етіп, болашағына жол сілтейді» - деген болатын. Тәуелсіздіктің туын тіккен егемен елімізді өркениетке бастар жолының шыңында елге, халыққа, Отанға деген сүйіспеншілік жатыр. Осы ұлы сезімдерді шәкірт бойына сіңіріп, оларға талмай білім мен тәрбие беру жолындағы мәртебелі де ұлы қызметтеріңізге табыс тілеймін, - деді Марат Тоқжанов.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары білім саласында елеулі қызмет атқарып жүрген бірқатар ұстаздарға облыс әкімінің алғысхаттарын табыс етті. Олардың қатарында Орал қаласы А. Макаренко атындағы №6 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Александр Мозжухин, Сервис және жаңа технологиялар колледжінің өндірістік оқыту шебері Лариса Наботова, дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Тлепова, «Орал қалалық физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалының география пәні мұғалімі Мирамгүл Бегжанова сияқты тағы да басқа ұстаздар бар.

Жақында Астанада өткен «Үздік педагог»  республикалық байқауының жеңімпаздары - Орал қалалық А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмара Траисова, Бөрлі ауданы №3 мектепке дейінгі ұйымның педагог-психологы Ботагөз Еділбаева, технологиялық колледждің арнайы пән оқытушысы Гүлшат Сүйінова да сахна төріне шақырылып, марапатталды.

Ал Орал қаласындағы №17 ОЖББМ директоры Тамара Рудич, Теректі ауданындағы Әйтиев бастауыш мектебінің меңгерушісі Шолпан Танатарова, Бөкей ордасы ауданының Ш. Жексенбаев атындағы ЖОББМ директоры Ардақ Әлиева сынды бір топ өңір ұстаздары «Іскерлік жаршысы» аталымына ие болды.

         Сонымен қатар мерекелік шарада Теректі ауданы, Долинск негізі орта мектебінің ұстаздары Дмитрий, Елена Полосиндер, Орал қаласы, №37 ЖОББМ-дан  Мәлік Бижанов пен Гүлбаршын Орынова, Бөкей ордасы ауданы, Жәңгір хан атындағы мектептен  Жаслан Бекеев пен Табиғат Арынова және теректілік  Қуаныш Ислам пен Баян Махимова «Ұстаздар отбасы» аталымымен марапатталды.

Республика, облыс деңгейінде жетістіктері және 25 жыл еңбек өтілі бар ұстаздарға арналған «Мерей» аталымымен марапатталған 25 ұстаздың қатарында Қазталов ауданы, К. Меңдалиев атындағы ЖОББМ орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлфайруз Хабибуллина, Орал қаласы, №28 мектеп лицейінің химия пәнінің мұғалімі Ольга Сорокина, Жәнібек ауданы, Е. Ниетқалиев атындағы ЖОББМ орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Рита Мамбеталиева есімді ұстаздар бар.

Жаңақала ауданы, №3 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі Айдана Садықова, Зеленов ауданы, Ульянов ЖОББМ математика пәнінің мұғалімі Гүлжамал Қапашева, Шыңғырлау ауданы, Ащысай ЖОББМ математика және информатика пәндерінің мұғалімі Әсел Садыкова сынды жас мамандар мерекелік шарада ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай «Біз тәуелсіздіктің құрдасымыз»  аталымымен марапатталды.

Барлық аталым иелеріне білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитеті атынан естелік сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.

         Ұстаздар күні мерекесіне арналған шара өңірдегі өнер шеберлерінің қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналғандар алдында Астана қаласынан келген халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, жерлестеріміз – ағайынды Жүгінісовтер өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлады.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале