4.03.2016, 11:35
Оқылды: 27

«Мәңгілік ел» пойызы Ақсай қаласында болды

Aksai Mangilik el poyizi   Қазақстан Азаматтық альянсының бастамасымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» пойызы Ақсай қаласына келді.

Бөрліліктер пойызды темір жол вокзалынан қонақжай дәстүрмен бауырсақ пен ақ дәм ұсынып, күтіп алды. Шағын митингіден кейін жиналғандар мен меймандар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан бөрліліктерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.


Шара аясында аудандық мәдениет үйінде ауданның қоғамдық өміріндегі үкіметтік емес ұйымдардың рөлі туралы дөңгелек үстел отырысы болды. Жиынды ашқан Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиев қонақтарға «қош келдіңіз» айтып, халықты біріктіретін, «Мәңгілік елге» бастайтын мұндай шаралардың маңызы зор екендігін атап көрсетті. Бұдан кейін «Жас дарын» коммерциялық емес қоғамдық қорының төрайымы Татьяна Ищенко, ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері аудандық қоғамының жетекшісі Жетпісбай Бектеміров, «Тарлан» бірлестігінің төрағасы Ержан Кемелханов өз ұйымдары атқарып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді.

Дөңгелек үстел отырысына қатысқан «Мәңгілік ел» пойызы штабының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Әміржан Әлпейісов, «Қазақстан Азаматтық альянсы» ЗТБ атқарушы директоры Ильдар Қатенов үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық-саяси өмірге қатысы туралы өз ойларын білдірді. Астана қоғамдық кеңесінің мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Қазбек Қазкенов «Мәңгілік ел» идеясына философиялық және тарихи тұрғыдан тоқталып, жалпыұлттық идеяның елдің бірлігін арттырғанына нақты мысалдар келтірді.

«Мәңгілік ел» пойызының құрамында келген дәрігерлер аудандық ауруханада тұрғындарды қабылдап, қызмет көрсетті. Сондай-ақ заңды тұлғаларды тіркеу, адвокатура мен нотариат, бизнес пен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті сервистік қолдау және басқа мәселелер бойынша ақыл-кеңестер берілді. Түрлі кездесулер өткізіліп, аудандық мұражайда «Менің елім - мәңгілік ел» фотокітап көрмесі ұйымдастырылса, Достық үйінде қоғамдық кеңес мүшелері, этномәдени орталықтар өкілдерінің қатысуымен «Біз болашағы біртұтас елміз» атты дөңгелек үстел отырысы болды.

Шара аудандық мәдениет үйінде Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концертпен түйінделді.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале