5.03.2016, 13:28
Оқылды: 27

«Мәңгілік ел» пойызы Орал қаласында

 Oral kalasinda  Қазақстан Азаматтық альянсының бастамасымен Қазақ даласын түгел шарлап келе жатқан «Мәңгілік ел» пойызы Ақсай қаласынан Орал қаласына келіп жетті.

         Оралдықтар мерекелік пойызды темір жол вокзалынан тамаша көңіл күймен күтіп алды. Штаб мүшелерін қарсылауға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен арнайы келіп, салтанатты митингте ел ынтымағы үшін жұмыла күш біріктіріп, үлкен шараға мұрындық болған ұйымдастырушылардың істеріне сәттілік тіледі.


Бұдан кейін шараға қатысушылар жуырда ғана ашылған Достық  үйінде болды. Онда облыстық ассамблея мен этномәдени орталықтардың жұмыстарымен танысып, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы – тұрақты дамудың кепілі» атты облыстық үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен кеңейтілген кеңеске қатысты. Жиынға төрағалық еткен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов Ақ Жайық өңіріне ат басын тіріген қонақтарға «Қош келдіңіз!» айтып, осындай әлеуметтік маңызы бар шаралардың халыққа беретін пайдасы көп екендігіне тоқталды. «Мәңгілік ел» пойызы штабының жетекшісі Әміржан Әлпейісов пойыз штабының құрамымен таныстырып, кеңесте атқарылып жатқан істерге өзінің оң  пікірін білдірді.

- Елімізде өтіп жатқан саяси маңызды шараның мақсаты  әлеуметтік  мәселелерді шешуге атсалысу, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясының негізгі баптарымен халықты таныстырып, ел ішіндегі ахуалмен, халықтың тыныс-тіршілігімен жақыннан танысу болатын. Ең бастысы – түрлі  ұлт өкілдері арасындағы татулықты сақтап, елдің тұтастығы мен тұрақтылығы жолында қызмет ету. Штаб Қазақстан бойынша барлық министрліктер мен ведомоствалардың негізгі білікті, басшы мамандарынан құралған 100 адамның басын біріктірді.  Олар күні бойы денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, заңгерлік, жастар саясаты салалары бойынша кеңестер ұйымдастыруда. Одан әрі БҚО Азаматтық альянсы президенті Әлия Сәлиева,  «Қазақстан Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Ильдар Катенов, «Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Исқалиева Қазақстандағы үкіметтік емес секторлардың жұмысы жөнінде баяндады.

«Мәңгілік ел» пойызының құрамында келген дәрігерлер қаламыздың №5 және №6 емханаларында тұрғындарды қабылдап қызмет көрсетті. Сондай-ақ «Өркен» қосымша білім беру орталығында өткен семинарға, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығындағы жастар саясатының даму бағытына арналған дөңгелек үстелге қатысты. Облыстық мәслихаттың үлкен залында «Мемлекеттік сатып алу заңындағы жаңа бағыттар»  тақырыбында семинар-трениг өткізді. Одан бөлек ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің Студенттер сарайында  «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» - «Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасымен  колледждерде оқып жатқан студенттермен кездесіп, облыстағы  кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Әділет органдары мамандарының қатысуымен техникалық инвентаризация, жылжымайтын мүліктер мен заңды тұлғаларды тіркеу, адвокатура мен нотариат мәселелері бойынша тұрғындарға кеңестер берді.

Айта кетелік, «Мәңгілік ел» пойызы осыған дейін Астана, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында болып, 28 мыңға жуық адамдарды қабылдап үлгерген. Оның ішінде 30-ға жуық дәрігер 10 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен. Штаб жетекшісінің айтуынша, елді мекендегі тұрғындар  білім және денсаулық сақтау салаларының қызметтеріне көп жүгінген. Ал облыс кәсіпкерлерін мемлекеттік сатып алу заңындағы жаңа өзгерістер толғандыратыны ашық айтылды.  Пойыз 15 ақпаннан бастап жолға шығып, 33 елді мекенді аралап, 18 наурызда Алматы қаласында өз жұмысын аяқтамақ.

«Мәңгілік ел»  пойызының Орал қаласындағы жұмысы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында қорытындылап, Орал қаласындағы Достық үйіндегі концертпен жалғасты.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале