23.06.2016, 16:15
Оқылды: 41

«Мәңгілік өлмес полк» шарасы өтті

mangilik olmes polkЖаңақала ауданында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен аудандық мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының басталғанына 75 жыл толуына орай «Мәңгілік өлмес полк» акциясы өтті.


Шеру түрінде қанат жайған шараға Ұлы Жеңіске тағзым ететін, сол теңдессіз жеңісті әкелген аталарының өшпес ерліктеріне бас иетін жұртшылық қатысты.

Ауданымызда биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған акция 300-ге жуық адамның басын біріктірді. Бұл ұлағатты ұрпақтар сапын аудан тұрғындары, мектеп оқушылары мен колледж студенттері, мекеме ұжымдары құрады. Қатысушылар өздерінің әке-аталарының, туған-туыстарының портреттерін зор мақтанышпен ұстап аудан орталығындағы «Қуғын-сүргіндерді еске алу ескеркішінен  бастап, «Мәңгілік алау» алаңына дейін бірнеше көшені көктей өтті. Кеуделерін мақтаныш пен өрлік сезімі кернеген шерушілер аталмыш монументке гүл шоқтарын қойды.

Көпшілік шеру «Мәңгілік алау» алаңында өткен салтанатты шарамен жалғасты. Шарада аудандық мәдени демалыс орталығының әншілері соғыс жылдарында жауынгерлерге дем берген әндерді шырқап, әсерлі монолог оқып, шараға қатысушылардың жанарына жас үйірді.Ұлы Отан соғысының ардагері М.Жаданов, еңбек ардагері С.Ахметов осыдан 75 жыл бұрын балғын балалық пен жалынды жастығын ұрлаған сұм соғыс  басталған сәттегі сезімдерін кейінгі ұрпақ алдында тебірене әңгімеледі.

Акцияны қорытындылаған аудан басшысы Л.Хайретдинов бүгінгі күні ортамызда қалған Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан қос ардагерге мықты денсаулық тіледі. Сондай-ақ осындай өшпес ерлікті ұлықтайтын шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Одан әрі шараға қатысушылар Отан үшін от кешкен батыр бабалардың рухына тағзым етіп, «Мәңгілік алауға» гүлшоқтарын қойды.

www.zhaikpress.kz
Н.ЕСЕТОВА
Жаңақала ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале