14.01.2016, 15:04
Оқылды: 38

Наргиза - Азия чемпионатының қола жүлдегері

2016-01-14 15.32.03Жуырда Зеленов ауданы Қасым Аманжолов атындағы мектептің оқушысы 16 жасар Наргиза Иргусаева Қытайдың Гонконг қаласында өткен Азия чемпионатында спорттық бағдарлаудан қола жүлдеге қол жеткізді. Бұған дейін екі мәрте ел чемпионатында қысқы және жазғы спорттық бағдарлаудан алдына жан салмаған қаршадай қыз спорттың осы түрінен республика құрамасының бірінші нөмірлі мүшесі атанып үлгерген-ді.


Талантты өреннің спортқа ерекше қызығушылығын оятып, жеңістерге жетелеген тәлімгері аудандық туризм орталығының қосымша білім беру педагогы Серік Хайруллин есімді азамат. Жеті жылдық бапкерлік қызметінде елішілік талай додада томағасын сыпырған бала қырандары олжа салып жүрген жас жаттықтырушы бас-аяғы екі-үш жылдың ішінде облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының спорттық бағдарлау бойынша бас бапкері атанды.

2016-01-14 15.33.15– Спорттың бұл түрі баланың интеллектуалдық дамуына ықпал етіп, ептілікке баулиды әрі психологиялық тұрғыдан орнықты қалыптасып, қиындықтан тез арада оңтайлы жол табуға жетелейді. Бала жарыс жолында әр қадамын жасамас бұрын келесі кедергіден еркін өтудің тиімді нұсқаларын жоспарлай алуға машықтанады. Сәйкесінше, білімі жан-жақты жетіліп, ізденуге жігерленеді. Спортты жаны қалап тұрған жеткіншек жігері жалындап, уақытының көбін жаттығуға арнайды, үнемі ізденеді, жіберген қателіктерінен сабақ алып, қайталамауға тырысады. Наргизаның бойынан дәл осындай ерекше қызығушылықты байқадым, - дейді бапкер Серік. 

Спорттық бағдарлаудың қысқы әрі жазғы түрінен өңірдің намысын қорғап жүрген өренге облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы, аудан басшылығы мен аудандық туризм орталығы, білім бөлімі мен Қасым Аманжолов атындағы мектеп ұжымы ұдайы қолдау танытып келеді. Кез келген деңгейдегі жарысқа қатысуына ешқандай қолбайлау көрмеген Наргиза да елі мен бапкер сенімін ақтап, ақжолтайлап келеді.
Қайсар қыз болашақта әскери қызметкер болуды армандайды. Алтын ұясынан ұшқалы отырған түлек ҰБТ сынағымен қоса шілде айында Тай елінде, тамызда Эстонияда өтетін байрақты бәсекелерге дайындалуда.
Айтпақшы, Азия біріншілігінде үшінші тұғырдан қол бұлғаған Наргизаға Қазақ Ұлттық туризм және спорт Академиясынан хабарласып, мемлекеттік оқу гранты берілгендігін сүйіншілеген.

www.zhaikpress.kz

Нұржан Дүзбатыр,
журналист
Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале