7.08.2015, 11:39
Оқылды: 19

«Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес БҚО агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 2 млрд. 450 млн. теңге бөлініп отыр

Ongarbekov   Жаһандық дағдарыс кезінде агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету мақсатында биыл өңірге «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2 млрд. 450 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков мәлім етті.

Оның айтуынша, 2015 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және азық-түліктік, ветеринариялық, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 7 млрд. 258,5 млн. теңге қарастырылған, бұл 2014 жылғыдан 46 пайызға артық. Осының ішінде өсімдік шаруашылығына - 678,2 млн. теңге, мал шаруашылығына - 4 млрд. 703,3 млн. теңге, инвестициялық салынымдарды демеуқаржыландыруға - 521,8 млн. теңге және азық-түлік, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ветеринарлық, фитосанитариялық шараларды өткізуге 1 млрд. 355,2 млн. теңге бағытталған.

Биылғы бірінші жартыжылдықта өңірде 27 млрд. 923,2 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, соның 23,7 млн. теңгесі өсімдік, 27 млрд. 845,2 млн. теңгесі мал шаруашылығының үлесіне тиеді, сондай-ақ 54,2 млн. теңгеге қызметтер көрсетілген. Нақты көлем индексі - 103,0 пайыз, соның ішінде мал шаруашылығы бойынша - 103,0 пайыз, өсімдік пен қызмет көрсету бойынша - 100,0 пайыз. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, Теректі ауданында 99,4, Орал қаласында 98 пайыз болса, қалған аудандардың бәрінде өсім бар.

Биыл егіс алқабы 516,32 мың  гектарға жетіп, өткен жылғыдан 10,2 пайызға (6,8 мың га) артты. Алайда мамыр-маусым айларындағы күннің күрт ысып, қуаңшылықтың орын алуы салдарынан астық түсімі 95,8 мың тонна шамасында болады деп күтілуде, бұл өткен жылғыдан 2,5 есеге (237,4 мың тонна) төмен. Тазартылғаннан кейінгі салмақтағы 92,7 мың тонна астықтың 27,9 мың тоннасын тұқымдық мақсатқа жұмсау көзделуде (қажеттілік - 38,3 мың тонна, қамтылуы 72,8 пайыз). 47,4 мың тоннасы азық-түлік ретінде қалдырылса (қажеттілік - 108,2 мың тонна, 43,8 пайыз), 17,4 мың тоннасы мал шаруашылығына жем ретінде пайдаланылмақ (қажеттілік - 338,3 мың тонна, 5,1 пайыз).

Қазіргі кезде облыс элеваторлары мен астық қабылдау кәсіпорындарында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ға тиесілі 56,8 мың тонна азық-түліктік астық сақталуда. Осы көлемді облыс тұрғындарына әлеуметтік нан дайындау үшін өңірде қалдыру қажет.

Қазіргі уақытта егін ору мен мал азығын дайындау жұмыстарына қажетті 14 мың тонна дизель отыны бөлініп, шаруашылықтарға 1 литрінің бағасы 81 теңгеден жіберілуде.

Бір қуанарлығы, өңірде мал басы тұрақты түрде артып келеді. Айталық, биылғы 1 шілдеге 533,8 мың бас ірі қара (106,9 пайыз, соның ішінде сиыр - 217,5 мың, 108,5 пайыз), 1195,2 мың қой (108,6 пайыз), 248,2 мың ешкі (106,6 пайыз), 139,4 мың жылқы (114,4 пайыз), 2,9 мың түйе (93,2 пайыз), 26,9 мың шошқа (97,2 пайыз), 1 млн. 1,1 мың құс (103,9 пайыз) тіркелген. Бұған Елбасы тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар игі септігін тигізуде.

2011-2015 жылдарға арналған «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы аясында биыл 2200 тонна сиыр етін экспорттау жоспарланса, биылғы 16 шілдедегі мәлімет бойынша өңірден сыртқа 492,6 тонна ет жөнелтілді. Аталмыш бағдарлама аясында 11,8 мың басқа арналған бес мал бордақылау кешені жұмыс жасап тұрса, 2,8 мың басқа есептелген тағы төрт алаңның құрылысы жүргізілуде.

«Ең бастысы, түпкі нәтижеге қол жеткізу үшін бюджеттік қаражаттар, соның ішінде Ұлттық қордан бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда», - деп түйіндеді ойын М.Оңғарбеков.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале