26.09.2015, 16:46
Оқылды: 16

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Жәнібек-Қазталов жолы күрделі жөндеуден өткізілуде

 

SONY DSC

Елбасымыздың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Қазақстандағы күре жолдар құрылысына айрықша мән берілгені мәлім. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысындағы ең шалғай ауданның бірі - Жәнібек пен Орал қаласын жалғастыратын жолдың маңызы ерекше. Көптен шешілмей келе жатқан бұл мәселе кейінгі жылдары қолға алынып, қатқыл табанды жол тартылуда. Соның ішінде биыл республикалық маңызы бар Жәнібек-Қазталов жолының 20 шақырымын күрделі жөндеу басталды.

Жәнібек ауданының әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, 2015 жылы жоспарға сәйкес 3,8 шақырым жолды жөндеуге 500 млн. теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарын «РСУ-1» ЖШС жүргізуде. Ал 20 шақырымдық жобаның жалпы құны - 2,7 млрд. теңге. 2016 жылы қалған қаржы бөлінсе, жол жөндеу жалғасады. Сонымен қатар аудандық маңызы бар 271 шақырым автожолдар жергілікті бюджет қаржысына ағымдағы жөндеуден өткізіліп, күтіп ұсталады. Мысалы, Жәнібек-Талов бағытындағы жолды «Қанат» ЖШС жөндеу үстінде. Сол сияқты аудан орталығы Жәнібек ауылындағы бірнеше көше жолдары ретке келтірілді.

Жалпы, Жәнібек ауданында Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай орындалуда. Айталық, «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына сәйкес ауданда тұрғын үй құрылысы қарқын алды.  Бұрынғы салынғандар өз алдына, жергілікті бюджет есебінен 8 үш және 40 екі пәтерлік үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Жәнібек ауылында 157 тұрғын үй салуға қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды. Қазір жер телімдері кезекпен берілуде. «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес Жақсыбай, Ұзынкөл ауылдары ауыз сумен қамтылса, қазіргі таңда Жәнібек, Қамысты және Таловта су құбырын қайта құрудың, Ақобаға құбыр тартудың  жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. «Агробизнес - 2020», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларына сәйкес биылғы жылдың өзінде 142 шаруа қожалығы 8 мың бас аналық мал мен 304 асыл тұқымды бұқаға қол жеткізді. 5 шаруа қожалығы асыл тұқымды 71 еділбай қошқарын иеленсе, «Құланға» сәйкес 1 шаруа қожалығы 5 млн. теңге несие алды. Тағы үш шаруашылық 35 млн. теңге несие алмақшы. Мемлекеттің қолдауы арқасында барлық ауылдық округтер 119 асыл тұқымды бұқамен қамтылды. 11300 бас аналық мал тұқымдық түрлендіру жобасына қатыстырылуда, бұл - барлық малдың 83 пайызы. Аудан мал тұқымын асылдандыру бағытында облыста бірінші болып ауылдық тұтыну кооперативін құрды.

Биыл аудан орталығында «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысы есебінен 290 орындық балабақша пайдалануға беріліп, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі шешімін тапты. 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасына сәйкес биыл Ақоба, Борсы ауылдарында спорт алаңдары салынбақшы.

«Біздің басты мәселеміз - жол. Ресей Федерациясының Волгоград және Саратов облысымен шектесетін аудан үшін  тақтайдай тегіс жол салынса, екі жақты тиімді қарым-қатынасқа да өте қолайлы болар еді. Қазіргі кезде Орал-Чапаев-Қазталов бағытында салынып жатқан жол Жалпақтал ауылына жақындап қалды. Болашақта қатқыл табанды жол Жәнібекті Қазталов, Жалпақтал арқылы Оралмен жалғастырса, мұның халықаралық мән-маңызы да арта түсер еді», деді М.Мұқаев сөзінің соңында.

 www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале