24.03.2016, 13:23
Оқылды: 32

Нәп-нәзік көктем келді деп, бар әлем кетті елжіреп....

Shingirlau jana jil   Биылғы көктем жылдағыдан ерекше. Бірде  сіркіреп жауын жауса, ара-тұра  жапалақтап қар жауып қыс  кетуге, көктем келуге асығар емес.

Наурыз мейрамын тойлауға келген Шыңғырлау ауданының  халқы  мерекелік  көңіл күйде болды. Ақшаңқай  киіз үйлер алыстан көз тартып, әсем  безендірулер той сәнін құлпыртып жіберді. Көңілді әнмен, келісті  бимен сахнадан көрінген өнерпаздар да қызылды –жасылды киімдерімен  көпшілік  назарын еріксіз бұрғызуда. Аудан халқын дәстүрлі  мерекемен құттықтау үшін аудан әкімі  Алдияр Халелов сөз алып, өткен жылға  рахмет айта келе  алдағы жылда  атқарылатын міндеттерді саралап берді.  Ынтымағы мен  достығы  жарасқан  еліміздің  жарқын болашағына  сенетінін, мерекемен келген жылдың  аудан  халқына  қуаныш, береке, ырыс  әкелетініне сенім білдірді.


  Наурыз  тойының қызықтары басталып кетті.Қазақша күрес, арқан тарту  сияқты  ұлттық  спорт  түрлеріне қатынасушылар көп болды.

  Жағалай  қойылған көрмелер (ұлттық тағамдар, қолөнер  бұйымдары т.б)  көздің  жауын алады. Қолдан  жасалынған түйе де  жылқы да , киік те,  арқар да –бәрі осында.  Киізден, жүннен  жасалған  кестелі бұйымдар мазмұндылығымен  көңілге қуаныш  сыйлайды.

 Күреске әуелі  балалар шықты. Балуандық өнердің  жаттығуларын жасап қыздырынып алған олар жекпе-жектеріне кірісті.  Соңғы кезде  ауданымызда  қарқынды дамып келе жатқан күрес өнерінің  бұқаралық сипатқа  ие екені  көрініп тұрды.

 Бала палуандар  кезекті  аға  палуандарға  берді.  Әр салмақ дәрежесінде  де  тартысты белдесулер болды.  Әдеттегідей  түйе палуан бәсекесі  көпшіліктің  назарын өзіне  аударды.  Тәжірибелі  белгілі  палуандар  мен  жалынды жастардың  арасындағы  бәсеке тартысты өтті. Ауданымыздың  түйе палуаны  атағын Әділет Кабулов  айқын басымдылықпен жеңіп алды.

 Үлкендер арнайы  кұрылған киіз үйден дәм татса,  балалар наурыз көже  мен  бауырсаққа тойып мәз болуда.

  Той әдемі өтті. Тағы бір  көктем елімізге келді. Келген көктем жақсылығы мен жаңалығын, бақыты мен бірлігін, береке мен  ырысын әкеле берсін.

www.zhaikpress.kz

Адақ Шотпанов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале