2.09.2016, 19:40
Оқылды: 19

Н. Төреғалиев жол жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтамаған мердігерлерді сотқа беруге мәжбүр болатындығын ескертті

Toregaliev  Орал қалалық әкімдігінде өткен кезекті кеңес отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы, жол жөндеу жұмыстары мен жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. Кеңеске төрағалық еткен қала әкімі Нариман Төреғалиев жол жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтамаған мердігерлерді қала әкімдігі сотқа беруге мәжбүр болатындығын ескертті.


  Кеңес отырысында жаз маусымының үш айы бойына жол жөндеу жұмыстарын жүргізген бірқатар мердігерлердің жүктелген тапсырманы  белгіленген уақытта аяқтай алмайтыны анықталды. Олардың айтуынша, біріне жұмыс күші, екіншісіне техника, ал үшіншісіне  шикізат жетіспейтін көрінеді. Осы себепті жол жөндеу жұмысы едәуір кешеуілдеп, қара күзге дейін созылуы мүмкін.

  Кеңеске төрағалық еткен қала әкімі бірқатар мердігер компания басшыларына қатаң талаптар қойды.

 Сіздер бірінші кезекте өз мойындарыңызға алған жұмыстың сапасы мен уақтылы орындалуын басты назарда ұстауларыңыз керек. Бел шешіп, білек сыбана кіріскен соң жұмысты тапсырыс беруші тарапынан еш ескерту болмайтындай етіп орындауларыңыз қажет. Күнбе-күн сіздердің атқарған жұмыстарыңызды қадағалаумен іс алға баспайтыны анық. Белгіленген уақытта жұмыс аяқталмаса, сотқа жүгінуімізге тура келетінін ескертемін,  деді Нариман Төреғалиев.

  Сала мамандарының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі күні қаламыздағы Байтұрсынов көшесіндегі жол жөндеу жұмысы толығымен аяқталып, арнайы комиссиямен қабылданған. Жақыпов көшесінен бастап Айтқұлов көшесіне дейінгі қайта жөндеуден өткен бұл жолдың ұзындығы 1550 метрді құрайды. Жөндеу жұмысын «ДСК Приоритет» ЖШС уақтылы атқарған болатын. Сонымен қатар №6 шағынауданындағы Әбілхайыр хан көшесінен бастап Желаев күре жолына дейінгі аралықтағы жолға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл жұмысты «Айдана» ЖШС атқарып, белгіленген уақытынан бұрын аяқтаған.

  Ал Есқалиев көшесіндегі (Ихсанов көшесінен бастап Пугачев көшесі аралығына) 2500 метр жолға қайта жөндеу жұмысын жүргізген «PYRAMID» ЖШС тарапына жүктелген жұмысты уақтылы аяқтамаған үшін сотқа талап-арыз жіберілген. Кеңес отырысында бұл ұжымның жетекшісі бүгінде барлық жөндеу жұмыстары аяқталып, жіберілген олқылықтар қалпына келтірілгендігін айтты. Дәл сондай талап-арыз 7-9 шағынаудандарындағы көп қабатты үйлердің аулаға кірер жолдарын төсеп жатқан «Балтемен» ЖШС тарапына да берілген. Сондай-ақ құрылысы кенже қалып,  белгіленген мерзіміне  үлгермей жүрген компаниялар қатарында Ихсанов көшесіндегі автомобиль жолдарын қайта жөндеп жатқан «Азия-ТехСтрой» ЖШС да бар. Қаланың басты көшелерінің бірі Достық даңғылындағы күрделі жол жөндеу жұмыстары да мардымсыз жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары тек Мәметова көшесі мен Дәулеткерей көшесі аралығында толығымен аяқталған. Бүгінде екінші жартысы, яғни Пугачев көшесіне дейінгі аралық жөнделуде. Бұл жұмыстар кестеде белгіленген мерзімнен 22 пайыз кешігуде.

  Сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасымен Гагарин көшесі бойындағы су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігер компания өкілінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда жұмыстың 70 пайызы атқарылған. Күні бүгін 1413 метр құбыр жаңартылып, 400 метр жерге қатқыл жол жамылғысы төселген. Кестеге сәйкес жүргізіліп отырған жөндеу 5 қыркүйек күні толық аяқталмақ.

  Өңіріміздегі «Нұрлы жол» бағдарламасымен атқарылып жатқан жөндеу жұмыстары уақтылы жүргізілуде. Атап айтқанда, Петровский,  Мәметова, Шубин, Деповская, Молдовская, Кердері көшелеріндегі су құбырларына күрде-лі жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталады деп күтілуде.

   Жаңа құрылыс немесе жөндеу жүргізіліп біткен аймақтағы тазалық жұмыстарына да көп көңіл бөлулеріңізді талап етемін. Жол жиектері қойылып, жаяу жүргіншілер жолағы реттеліп, шөптері шабылып, топырағы тегістеліп, бәрі жып-жинақы күйінде тұруы тиіс.

  Кейбір мердігерлер төсейтін жолды төседік, ал айналасы бізге соқпайды деген ойда. Құрылыс нысандары белгіленген тәртіпке сай тапсырылуы тиіс. Егер белгіленген жүмысты күндіз жасап үлгере алмасаңыздар, екі ауысымды жұмыс кестесіне көшіңіздер. Құрылыс нысаны қалай да белгіленген межеде тапсырылуы керек. Берілген жұмысты мойындарыңызға алғаннан соң әрбір атқарылар іске жауапкершілікпен қарап, аяғына дейін жеткізіңіздер,  деді қала әкімі Нариман Төреғалиев.

  Сонымен қатар кеңес отырысында қала бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары талқыланды. Құзырлы мекемелердің мәліметінше, күні бүгін қаладағы тұрғын үйлердің 70 пайызы, мекеме-кәсіпорындар ғимараттарының 20 пайызы ғана жылыту  маусымына әзір. Ал  тұрғын үйлердің 6,4 пайызына ғана дайындық құжаты тапсырылған.

  Кеңесте «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тарапына да сын айтылды. Бұл мекеме қала аумағындағы газтаратқыш және газреттегіш 714 қорапқа жай жөндеу өткізіп, көгілдір отынның жер үсті құбырларын жаңғыртып, қайта сырлау керек екен. Бүгінгі күні бұл жүктелген жұмыстардың тек 60 пайызы ғана орындалған. Кеңеске төрағалық еткен қала әкімі бұл істерді де жеделдетіп бітіруді жүктеді.

   Өзекті мәселелер қаралған отырысты қорытындылаған қала әкімі Нариман Төреғалиев әр айтылған сын-ескертпелердің орындалуын талап ететіндігін және әрбіреуін өзі жеке қадағалауға алатындығын айтты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале