10.09.2015, 9:04
Оқылды: 15

Облыстық бюджет нақтыланды

Akim sessia 02    Кеше облыстық мәслихаттың үлкен залында облыстық мәслихаттың кезектен тыс 27-сессиясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Сессияда облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 12 желтоқсандағы №21-2 «2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралып, оны халық қалаулылары мақұлдады. Бұл мәселе бойынша  баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаеваның айтуынша, облыстық бюджетті нақтылау облыстық бюджеттің түсімдерінің болжамын түзетумен байланысты жүргізіліп отыр. 2015 жылға арналған облыстық бюджеттің жалпы шамасын 3 млрд. 526,5 млн. теңгеге ұлғайту ұсынылды. Оның ішінде кірістер бойынша 3 млрд. 207,5 млн. теңге, басқа түсімдер бойынша 8,8 млн. теңге және босатылған қаражаттар бойынша 314 млн. теңге, сонымен қатар республикалық бюджеттен нысаналы трансферттердің азайтылуына байланысты 3,7 млн теңге шамасында.

Бюджетті ұлғайтуға бағытталған қаржы-қаражат мынадай басым шығындарға бағытталады: мәдениет және спорт саласына - 128,3 млн. теңге, білім саласына - 100,7 млн. теңге, денсаулық сақтау саласына - 189,2 млн. теңге, жергілікті бюджеттер есебінен басталған жобалардың аяқталуына орай - 1024,6 млн. теңге, облыстық маңызы бар аутомобиль жолдары бойынша жөндеу жұмыстарын жалғастыруға - 200 млн. теңге, «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020», «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламалары, тұрғын үй құрылысы бойынша республикалық бюджеттен берілген нысаналы трансферттерді қоса қаржыландыруға - 1542,3 млн. теңге. Елбасының тапсырмаларына сәйкес қаржы-қаражат басымдық сипаттағы әлеуметтік мәселелерге, басталған нысандардың аяқталуы мен жалғастырылуына, республикалық бюджеттен берілген нысаналы трансферттерді қоса қаржыландыруға бағытталған. Осындай өзгерістерге орай, облыстық бюджет кірістер мен шығындар бойынша 114 млрд. 629,2 млн. теңгені құрайды.

Депутаттар «Облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 28 наурыздағы №7-2 «Батыс Қазақстан облысы жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы ставкаларын бекіту туралы», облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 28 наурыздағы №16-7 «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі комиссия құрамы туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізді. Сондай-ақ сессияда облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің және консультативтік-кеңесші органның құрамы туралы мәселелер қаралды.

Сессия күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылдады.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале