1.03.2016, 22:33
Оқылды: 53

Облыстық музейде жаңа зал ашылды

201603010847061 наурыз – Алғыс айту күніне орай Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының және Қазақстанның полиэтностығының тарихы залы ашылды.

Жаңа экспозиция залын облыс әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен мен «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени қоғамының төрағасы Данильбек Саратов салтанатпен ашты.


Шара қонақтарын жаңа залдың экспонаттарымен музей экскурсоводы Виктория Жайдарманқызы таныстырды. Ассамблея залында қазақ халқының ұлттық киімдері, музыкалық аспаптары, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарымен қатар кәрістердің ұлттық киімдері, мұрағат құжаттары, саз аспаптары, фарфор ыдыстары, қобдишалары қойылған. Сондай-ақ әзірбайжан, ұйғыр, татар, украин, белорусь, неміс, армян, орыс халықтарының ұлттық киімдері, сол тілдегі көне кітаптар, кəдесыйлар,  əр ұлттың киіміндегі қуыршақтар қойылған. Түркі тілдес халықтардың жез құмандары,  піл сүйегінен жасалған айна, шығыстық стильдегі тайқазан, табақшалар да келушілердің қызығушылығын тудырды.
Ассамблея залының ашылуында корей этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пак Орал қаласында корей этносы орнатқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің көшірме мүсінін музейге салтанатты түрде табыстады.
Еске сала кетсек, облыстық тарихи-өлкетану музейі бірқатар залын толығымен жабдықтаудан өткізген болатын. Бұл қайта жаңарғаннан кейінгі музейдің өткізген алғашқы шарасы болғандықтан келушілерге бәрі қызық болды. Музей директоры Мирболат Ерсаев жаңартылған залдарға бұрын халық назарына ұсынылмаған қордағы жәдігерлердің қойылғанын айтты.

Динара СЛАМБЕКОВА,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале