22.11.2015, 19:37
Оқылды: 38

Облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының Саяси кеңесінің Бюро отырысы өтті (ФОТО)

Nurotan01

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында аталмыш филиалдың Саяси кеңесінің Бюро отырысы өтті. Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жүргізді.

Күн тәртібінде «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды Тұғырнамасын іске асырудағы партиялық тәлімгерлердің есептері туралы және бюджет қаражаты мен Ұлттық қордан (соның ішінде «Нұрлы жол») бөлінетін қаражаттың нысаналы және тиімді пайдаланылуы бойынша партиялық бақылау туралы екі түрлі мәселе, сондай-ақ, филиалдың ішкі жұмыстарына қатысты мәселелер қаралды.

Алдыңғы мәселенің білім және ғылым бағыты бойынша облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды Тұғырнамасын іске асырудағы партиялық тәлімгер Асхат Иманғалиев баяндады.

Асхат Сәлімұлының айтуынша, облыста мектепке дейінгі тәрбие және оқумен қамтылу көрсеткіші 97,9 пайыз. Бұл көрсеткіш республика бойынша орта есеппен 77,7 пайызды құрайды. Ал 2015 жылы орындалуға тиісті Сайлауалды Тұғырнамада көрсетілген жоспарлы меже - 80 пайыз екен. Жаңадан бес мектеп салынды. Олардың үшеуі Жаңақала ауданына, қалған екеуі Орал қаласына және Теректі ауданына тиесілі. Екі мектеп республикалық бюджет қаржысына, үш мектеп апатты жағдайдағы мектепті ауыстыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен салынған. Үш ауысымды және апатты мектеп мәселесі толықтай шешілген. Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі балаларға жағдай жасалған мектептердің үлесі 59,1 пайызды құрап отыр. Бұл бағытта еліміз бойынша бекітілген жоспарлы меже - 30 пайыз болса, бүгінде республикалық орташа көрсеткіш - 25 пайызға тең. PISA (оқушылардың білімін бағалайтын халықаралық бағдарлама) стандарттары бойынша БҚО ғана емес, тұтас еліміздегі көрсеткіш айтарлықтай ақсап келеді. Біліктілікті арттыру курстарынан өткен өңір мұғалімдері үшін 30 пайыздан 100 пайызға дейін қосымша үстемақы төленіп, бұл бағыттағы қызмет өз деңгейінде атқарылуда. Облыс мектептерінің 30 пайызы кең жолақты ғаламторға қосылған. Өңірдегі 17 колледжге дуалды оқыту элементтері енгізілген. Облысымыздағы колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші Республика бойынша үшінші орынға ие. Ұлттық рейтинг бойынша Махамбет атындағы БҚМУ және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ үздік ондыққа енген.

Облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды Тұғырнамасын іске асырудағы партиялық тәлімгер Ришат Хайруллин халық бірлігіне арналған шаралардың дені «Қазақ хандығына 550 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Ұлы Жеңіске - 70 жыл» секілді мемлекеттік маңызды мерекелердің аясында жүзеге асырылғанына тоқталды. Ол мұндай шараларға өңірдегі атқарушы билік тарапынан көрсетілген қолдаудың зор екенін, жалпы тұтас еліміз бойынша осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға көңіл толатындығын айтып өтті.

Nurotan02

Жиын барысында отырыс төрағасы мәлімдегендей, жыл басынан ҚР Ұлттық қорынан біздің өңірге жалпы сомасы 9 миллиард 306 миллион теңге қарастырылған. Бірінші қараша жағдайында қаражаттың игерілуі жылдық жоспардың 86 пайызын құраған. Облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 24 жоба іске асырылуда. Соның ішінде 9 жоба әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, 14 жоба тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайтуға бағытталса, 1 жоба көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға арналған. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға демеуқаржы бөлінген. Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау мақсатында бағдарламаның бес бағыты бойынша облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы жанынан комиссиялар құрамы бекітілген.

Осы мәселеге байланысты тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту бойынша облыстық комиссияның төрағасы Әлібек Сәтбаев және облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевтың есептері тыңдалды.

Әлібек Байжанұлы өзі төрағалық ететін комиссия бақылауға алған қаржы көлемі 6 миллиард 116 миллион теңге, оның ішінде Ұлттық қордан бөлінгені 5 миллиард 960 миллион теңге екенін айтты. Қараша айының біріне дейін игерілген қаражат 5 миллиард 565 миллион теңге. Яғни аталмыш бағдарлама бойынша бөлінген қаржының басым бөлігі игерілген.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевтың айтуынша, еліміздің Ұлттық қорынан тұрғын үй және әлеуметтік құрылысқа 3 миллиард 542 миллион теңге шамасында қаражат қарастырылған. Оның 2 миллиард 762 миллион теңгесі тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрғын үйлерін салуға бөлінген. Бүгінгі таңда бұл саладағы қаражаттың игерілуі 85 пайызды құрап отыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 580 миллион теңгедей қаржы бөлініп, ол толықтай игерілген.

Nurotan03

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале