7.04.2016, 11:54
Оқылды: 15

Облысымызда 715,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Jerr     Батыс Қазақстан облысында Елбасы тапсырмасына сәйкес пайдаланылмай жатқан жерлерді қайта айналымға енгізу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.


     БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанованың мәлім еткеніндей, республикалық бюджет есебінен 2012-2014 жылдары жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде пайданылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 297,3 мың га жер анықталған. Сонымен қатар жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан 2012-2015 жылдары жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 706,7 мың гектар жердің пайдаланылмай, бос жатқаны белгілі болған.

     Анықталған жерлердің 715,4 мың гектары немесе 71,3 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерлердің 369,8 мың гектары немесе 51,6 пайызы ауыл шаруашылығы айналымына тартылды.

     Өңір басшысы Алтай Көлгінов басқарма басшысынан қалған жердің қашан қайтарылатынын сұрады. «Пайдаланылмай жатқан 29 пайыз жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Қайтарылған жерлер қолынан іс келетін, жұмыс орындарын ашуға қабілетті азаматтарға берілуі керек. Ол үшін аукциондар өткізіледі. Ал бұл жерде бәрі де ашық әрі жариялы түрде болып, алыпсатарлыққа жол берілмеуі қажет. Жерге қатысты тағы бір маңызды мәселе, қала мен барлық аудандардың бас даму жоспарлары жасалуы керек. Бұрынғылары ескірді, жаңасын жасауға ұзақ уақыт бойы қаржы бөлінген жоқ. Бірақ бас жоспарсыз ауыл шаруашылығымен және басқа қызметпен айналысқысы келген кәсіпкерлер жерді ала алмайды. Кәсіпкерлер меншігіндегі кейбір жерлер пайданылмай жатыр, ал екіншілері жұмыс жасағысы келгенмен, жер жоқ. Мұны түбірімен өзгерту керек», деді әкім.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале