26.05.2016, 17:27
Оқылды: 24

Облыс əкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті

Jastarr akim   Орал мұнай, газ жəне салалық технологиялар колледжінде облыс əкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы, облыс əкімі Алтай Көлгінов жүргізді. Кеңес отырысына облыстық мемлекеттік органдар басшылары, жастар қоғамдық ұйымдарының белсенділері жиналған. "Батыс Қазақстан облысында 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны аймақ тұрғындарының 23,7%-ын, яғни 149 595 адамды құрады. Оның ішінде 72 522 адам Орал қаласында және 77 073 адам ауылдық жерлерде тұрады. Бұл көрсеткіш еліміздегі жалпы жастар санының 2,8%-ын құрайды.


   Облыстың төрт жоғары оқу орнында 27 мыңға жуық студент оқиды. 22 мыңнан астамы 38 (соның ішінде 27-сі мемлекеттік) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында білім алуда.

   «Мәнгілік Ел жастары - индустрияға!» әлеуметтік жобасы шеңберінде 960 студент білім алуда. Ағымдағы жылы облыс бойынша 89 жастар ұйымының, 64-і Орал қаласында, 25-і аудандарда тіркелген. Қазіргі уақытта 43 қоғамдық бірлестік белсенді қызмет етуде", - деді баяндама жасаған БҚО жастар саясаты мəселелері басқармасының басшысы Азамат Айтуев.

   Облыс бойынша экономикалық белсенді халық – 334 мың 356 адам. Оның 29,1 пайызы жастар, нақты саны – 97 544. Яғни, жастардың 65,2%-ы белсенді. 15 пен 28 жас аралығындағы NEET  (алты айдан астам уақыт жұмыссыз жүрген, арнаулы немесе жоғары білімі жоқ) санатына кіретін жастар үлесі былтыр 3%-ды немесе 4488 адамды құрады. Биыл бұл көрсеткішті 2,6%-ға төмендету жоспарланған. Атап өтерлік жайт, республикамыз осы санаттағы жастардың үлесі басқа өңірлерге қарағанда ең төменгі деңгейде.

   2016 жылы 48 мемлекеттік әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге аспақ. Соның ішінде 24 жобаны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, тең жартысын Орал қаласының және аудан әкімдіктері жүзеге асырады. Аталған жобалар облыс жастарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге, жастарды қоғамдық-саяси шараларға белсенді тартуға, қазақстандық патриотизм сезімін нығайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта облыс жастарын жұмыспен қамту көкейтесті мәселе болып саналады. Жастар арасында жұмыссыздық 2014 жылы 4,3 пайыз, өткен жылы 4,5 пайызды құрады.

    «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 2015 жылы 299 жас маман үстеме ақысыз 15 жылға 2,9 млн. теңге көлемінде несие қаражатын алса, 448 маманға 130 мың теңге бір жолғы көтерме ақы берілген. Биыл бағдарламаға қатысушылар арасында баспана алатындар үшін  бюджеттен 3,2 млн. теңге бөлінген. Жалпы 482 маман бағдарлама көмегіне сүйене алады. Биыл мамыр айына дейін 90 жас маман бюджеттік кредит жүйесімен қамтамасыз етілсе, 236 маман бір жолғы көтерме ақыны алып үлгерген.

   Батыс Қазақстан облысында «Жасыл ел» бағдарламасына 2015 жылдың маусымы мен қарашасы аралығында 1600 ерікті қатысқан. Жобаны қаржыланжыруға 2015 жылы 19 млн. теңге жұмсалған. Республикалық штабтан 800 еріктіге 15 мың теңгеден берілген. Орташа жалақы 40 мың теңгені құрады.

   Биыл «Жасыл ел» бағдарламасына жергілікті  бюджеттен 20,9 млн. теңге бөлінген. Биыл 800 ерікті қатыспақ, оның тең жартысы аудандардан тартылмақ. Қазір студенттер мен жұмыссыз жастардың арасынан іріктеу жүргізілуде. Бұл бағдарлама облыс орталығы  мен Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау, Зеленов, Бөкей ордасы аудандарын қамтиды.  Алдағы уақытта Қаратөбе ауданында орман шаруашылығы мекемесі құрылатын көрінеді.

   БҚО жастар саясаты мəселелері жөніндегі басқармасының басшысы Азамат Айтуевтің айтуынша, былтыр студенттік еңбек құрылысы жасақтарына 324 жас тартылған. Аталған бағытта  жұмысты жандандыру мақсатында "Отделстрой", "Азиятехстрой", "Болашақ Т", "СВ плюс" құрылыс компаниялары мен "Жиенбай" мен "Марасант" ЖШС-ларымен тығыз байланыс орнатылған. Биыл еңбек жасақтарына қатысатын жастарды 500-ге дейін көбейту жоспарлануда.

   Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысында жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетілуде. 2015 жылы облыста «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы арқылы 2563 жас білім алды. Сонымен қатар, аудандар мен моноқалаларда кәсіпкерлерді қолдау орталықтары арқылы 483 жасқа консультатциялық көмек, 34 жасқа сервистік көмек көрсетілген. 2013-2016 жылдар аралығында 19 жас кәсіпкерге 33,6 млн. теңге көлемінде мемлекеттік гранттар берілді.

         Бұл жөнінде облыс əкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысына қатысқан БҚО жастар саясаты мəселелері басқармасы басшысы Азамат Айтуев айтты.

- Көптеген ұсыныс-пікірлер айтылып, өзекті мəселелер көтерілді. Кейбіріне мемлекеттік органдар басшылары жауап берді. Ары қарай ұсыныстарды жоспарға бекітіп, талқылайтын боламыз. Сонымен қатар жастар қауымдастығын игі шараларды бірлесе атқаруға шақырамын. Облыста 150 мыңдай жас бар.  Сондықтан жастар саясатын дамытумен жүйелі айналысуымыз керек. Оның ішінде жұмыс қамту мəселесіне өте өзекті екені аңғарылады. Ашық əңгіме алаңын кеңейту үшін алдағы уақытта облыстық жастар форумын өткізуді ұсынамын, - деді облыс əкімі Алтай Көлгінов.

Жиында бір топ белсенді жас облыс əкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале