25.05.2016, 10:06
Оқылды: 24

Білімді жастар – тәуелсіздіктің тірегі!

Akim011   Қаламыздағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Құлақтан үні кетпестей, сыңғырла соңғы қоңырау» атты салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

         Шараны ашқан мектеп директоры Шолпан Қадырова соңғы қоңырау өткен оқу жылын қорытындылайтын кезең екенін жеткізді. Ал мектеп 2015-2016 оқу жылын табысты аяқтап отыр.


   Осы кезең ішінде республикалық робототехника олимпиадасының екі дүркін жеңімпаздары болған 10-сынып оқушылары Әділет Бекетов пен Ербол Абай қазақ-британ техникалық университетінің білім гранттарына ие болса, бірнеше оқушы жүлделі орындардан көрінді. Қарағандыда өткен халықаралық «RoboLand 2016» фестивалінде мектеп оқушылары жалпыкомандалық есеп бойынша бас жүлдені иеленді. Республикалық ғылыми, инновациялық жобалар, түрлі олимпиадаларда да үздік болғандар да көп. Мәселен, республикалық қазақ тілі олимпиадасынан 9-сынып оқушысы Варвара Качало 1-орын алды. Желілік олимпиадаларда оралдықтар 14 жүлделі орынды иеленіп, желі ішінде «Ең үздік олимпиадалық мектеп» атағын алды. Спорт, өнер салалары бойынша да жетістік көп. Ал биыл мектеп қабырғасынан 170 оқушы түлеп ұшқалы тұр. Түлектердің төртеуі «Алтын белгіге», он сегізі «Ерекше аттестатқа» үміткер. 4 оқушы шетелдік ЖОО-лардың оқу гранттарын иеленді.

         -Қадірлі ұстаздар, құрметті ата-аналар, оқушылар! Бүгін бәріміз үшін елеулі күн. Бүгін мектептегі тағы бір оқу жылының аяқталғанын білдіріп, соңғы қоңырау сыңғыр қағады. Жаңа мектеп басшысы айтып өткендей, білім ұясы оқу жылын жақсы жетістіктермен аяқтап отырғанына қуаныштымыз. Алдымызда сап түзеген түлектер үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Тәуелсізгіне жиырма бес жыл толған егемен елде мектеп бітіріп, алдағы арман-мақсаттарына қолжеткізу үшін республикамыздағы, шетелдегі жоғары оқу орындарынан білім алуды мұрат тұтқан бұл жастарымыз бақытты. Республикамыздың әлем елдерімен қарым-қатынасы жақсы. Бұл қазақстандық жастарға шетелдегі мықты деген оқу орындарында білім алуға мүмкіндік береді. Қай жақта жүрсек те өз ана тіліңізді, мемлекеттік тілді қадірлей біліңіздер. Қадыр ақын айтқандай «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Сонымен қатар өзге тілдерді де білудің пайдасы көп. Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері үш тілді меңгеруі, білімді, қарым-қабілеттері жетік болуы себепті кез-келген жоғары оқу орны оларға есігін айқара ашады. Сіздердің осындай деңгейге жетуіңізге ұстаздар қауымы көп тер төкті. Ата-аналарыңыздың еңбегі зор. Солардың сенімдерін ақтаңыздар! Мектеп – алтын бесік. Осы алтын бесікте тербетіліп, бұл жерден алған тәлім-тәрбиелеріңіз алдағы өмірлеріңізде кәдеге асары сөзсіз. Болашақта сіздер еліміздің тәуелсіздігін баянды етуге, экономикасын дамытуға, ынтымақ-бірлігін нығайтуға айтарлықтай үлесін қосады деп сенеміз. Елбасы айтқандай, білімді жастар – тәуелсіздіктің тірегі! Сәт-сапар түлектер,-деді өз құттықтау сөзінде облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Akim 12

         Шара барысында оқу жылындағы үздік оқушылар мен білім, тәлім-тәрбиелік бағытта ұйымдастырылған шаңырақтар марапатталды. Соңғы қоңырау түлектер вальсімен аяқталды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале