29.12.2015, 18:39
Оқылды: 30

Облыс әкімдігінде облыс әкімінің төрағалық етуімен өңірдегі сұйытылған газдың жетіспеушілігі мәселесі талқыланды

 Akim gaz01   Облыс  әкімдігінің кіші залында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалық етуімен өңірдегі сұйытылған газдың жетіспеушілігі мәселесі талқыланды. Басқосуға мемлекеттік құрылымдардың басшылары, кәсіпкерлер және осы мәселеге қатысы бар тұлғалар қатысып, түйінді түйткілді шешудің жолдары жайында пікірлесті. 


         Жиынды ашқан облыс басшысы Нұрлан Ноғаев сұйытылған газға қатысты қалыптасқан жағдайдың қанғаттандырмайтынын, бүгінге дейін мемқұрылымдар тарапынан тиісті шаралар қабылданғанын, енді бұдан былайғы іс-әрекетті үйлестірудің қажеттігін атап көрсетті. Одан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Талдықбаев хабарлама жаады. Оның айтуынша, аталмыш басқарма ай сайын облысты сұйытылған газбен қамту мәселесімен «бас» ауыртады. Қазан айына дейін облыс ай сайын Энергетика министрлігі бекіткен шамадағы 800 тонна сұйытылған газбен қамтамасыз етіліп келген. Қараша, желтоқсан айлары бойынша басқарманың сұрауымен облысқа 1000 тонна отын бөлінді. Алайда бұл көлем де аз болып шықты. Енді алдағы 2016 жылғы қаңтар айына 2000 тонна сұйытылған газ алуға тапсырыс берілген.

Akim gaz02

- Осыншама көлемдегі газды алу үшін министрліктегі комиссияға ішкі істер департаментінен анықтама ұсынуымыз керек. Онда өңірдегі сұйытылған газды пайдалануға жабдықталып, тіркеуден өткен көліктердің нақты саны көрсетілуі тиіс. Қазіргі қолдағы анықтамада 3,5 мың көліктің газды пайдалануға жабдықталғаны көрсетілген. Бірақ бұл сан да тиісті көлемді алуға аздық етеді. Сондықтан қаладағы жанар-жағармай стансаларына шығып, мониторинг жүргізіп, аутокөлік иелерімен тілдестік. Сонда техпаспорттарын қарап, байқағанымыз көлік жүргізушілердің 80 пайызы ішкі істер департаментінде тіркеуден өтпеген. Мұның өзі қажетті көлемдегі газды бөлуде қиындықтар тудырады,- деген Бауыржан Талдықбаев өңір басшысынан  мемлекеттік құрылымдарға, құқық қорғау орындарына тиісті нұсқау беру арқылы аутокөлік жүргізушілерін тіркеуден өткізу бағытындағы шараларды алуды сұрады. Басқарма басшысының айтуынша, өңір басшылығымен бірлесіп түрлі деңгейдегі атқарушы құрылымдардың қызметтік көліктерін сұйытылған газға көшіру жөнінде шаралар жасақталуда. Шамамен мұндай көліктер саны 2357-ні құрайды. Осыншама көлік газбен жүретін болып, тіркеуден өткен жағдайда бюджет қаржысы үнемделіп, министрліктерден бөлінетін газ квотасын өсіруге жол ашады. Сонымен қатар «Жайықмұнай» ЖШС облысты ақпан айында коммерциялық бағамен  2000 тонна сұйытылған газбен қамтуға ниетті.

     Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Махамбет Абисатовтың айтуынша, облыста газ жабдығымен жабдықталғанмен тіркеуден өтпеген 3532 көлік бар. Соның ішінде тек соңғы екі күн ішіндегі рейд барысында 48-і анықталған. Осы жағдайларға орай 63 жүргізуші әкімшілік кодексінің 7-бөлімінің 590-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құзырлы орыннан рұқсат қағазын алмай көліктеріне өз бетімен газ жабдығын орнатқан көлік иелері 15 АЕК шамасында (30 мың теңге шамасында) айыппұл төлейді. –Көлікті газбен оталдыруға жабдықтау 27522 теңге тұрады. Оның 19 мың теңгесін Гагарин көшесіндегі Ұлттық сертификаттау және сараптау орталығына зертханалық зерттеу қорытындысы үшін, 8522 теңгені жол полициясына техпаспортты және мемлекеттік нөмірі ескі болса оны да ауыстырғаны үшін төлейді. Бұл мәселені өткен аптадан бастап бақылауда ұстап отырмыз. Мәселені шешеміз, жанар-жағармай стансасына келген көлікті он-лайн тәртібінде дерекқор базасы бойынша тексереміз,- деді Махамбет Абисатов.

Akim gaz03

 «Алау» ЖШС-ның  техникалық директоры Бақытжан Жапаровтың айтуынша, газбен жүретін көліктер саны өсіп келеді. Айына шамамен 50 көлік газға көшіріліп, жабдықталады. Бүгінде 41 көлік көшірілген, соның 11-і «Батыс су арнасы» ЖШС-ға тиесілі. Аудандық әкімдіктерден де көліктерге газ жабдығын орнатуға тапсырыс түсуде. Көлікті газ жабдығымен жабдықтау қызметі 25-30 мың теңге шамасында тұрады. Ал газ жабдығының өзі  -130 мың теңге. «Тәуекел» ЖШС-ның директоры Евгений Васильковтың айтуынша, компанияның 10 жанар-жағармай құю стансасы бар. Оның 3-еуі аудандарда,  өзгесі - Оралда. «Айына бөлінетін 400 тонна сұйытылған газ жетпейді. Стансаларымыздың жартысы бос тұр. Облысқа айына 2000 тонна бөлінетін болса, жағдай түзеледі деп ойлаймыз. 200 кәсіпорынмен келісімшартымыз бар. Рубль құлаған кезде батысқазақстандықтар Ресейден көлік айдап келді. Бірақ олар тіркеліп жатқан жоқ. Осы да отын жетіспеушілгіне әсер етуде», - деді Евгений Васильков.

 Жиынға қатысушылар ресейлік нөмірмен жүрген көліктердің көптігін, сонымен қатар транзиттік көліктердің де саны артқанына назар аударды. Қалай болғанда да көлік жүргізушісі газ жабдығын өз бетінше орнатпай, лицензиясы бар кәсіпорындардың көмегіне жүгінулері тиіс. Одан кейін заңды түрде тіркелсе, өңірдегі сұйытылған отын тапшылығы түйткілін шешуге мүмкіндік береді. Қалай болғанда да қауіпті газ жабдығымен алдымен өзінің жеке басына  және айналадағы адамдардың өміріне де қауіп тудырады.

Басқосуды облыс басшысы қорытындылап, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале