9.02.2016, 15:48
Оқылды: 18

Облыс әкімі Сырым ауданындағы жұмыс сапары барысында «Жібек жолы» автокешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты

Sirim akim jol   Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің Сырым ауданындағы жұмыс сапары барысында «Жібек жолы» автокешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты.  Аудан орталығының үстімен өтетін Самара – Шымкент күре жолы бүгінгі күні аудан кәсіпкерлерін сервистік қызметті құнттауға құлшындырып отыр.  Жымпитылық кәсіпкер Ғанимат Нұрмұхановтың алып автокешенді салудағы негізгі сенім факторы да халықаралық маңыздағы жолдың тиімділігінен туып отыр.


Автокешеннің құрылысы кешегі жылдың қыркүйегінде басталды. Бұйырса, осы жылдың аяғында аяқталады деп жоспарланған. Құрылысының құны 260 миллион теңгеге шамаласатын бұл нысанда кафе, жеңіл және жүк көліктерін жуу, жөндеу орындары, супермаркет, 48 орындық қонақ үй, сауна, автотұрақ жұмыс істейтін болады. Күні бүгін кейбір ғимараттардың құрылыстары бітіп тұр. Кешеннің жалпы аумағы – 1, 684 га.

Кешеннің жобасын облыс басшысына нысанның иесі Ғанимат Нұрмұханов таныстырды. Самара – Шымкент күре жолының көлік және жолаушылар ағынының жиілігін пайдалану - Сырым ауданының кәсіпкерлік саласында баса айтылып жүрген мәселелердің бірі. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жолаушыларға қызмет ететін жаңа сервистік кешеннің осы тұрғыдағы тиімділігін құптады.

«Жібек жолы» ШҚ жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов облыс әкімімен болған мәжілісінде Өлеңті көлдетіп суару жүйесіне қатысты мәселелерді де айтты. Бұл жүйенің басты бөлігі мен 7 бірдей бөгетінің қақпасы қайта жөндеуді қажет етеді. Осы арқылы шабындық алқаптардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік бар. Облыс басшысы аудан әкімі Абат Шыныбековке республикалық комиссияға Өлеңті көлдетіп суару жүйесін қалпына келтіруге байланысты  тиісті ұсыныстарды беруді тапсырды.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале