23.05.2016, 16:48
Оқылды: 26

Облыс әкімі қоғамдық қабылдау жүргізді

 Akimm kabildau   «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында облыс әкімі Алтай Көлгінов жер реформасына қатысты азаматтарды қабылдады.

Қоғамдық қабылдау шарасына облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев және облыстық басқармалардың басшылары қатысты.


         Төрт сағатқа жуық уақытқа созылған шарада өңір басшысы 27 адамды қабылдады. Олардың көпшілігі пәтер мен жер телімі кезегінде тұрғандар. Жер телімі мәселесіне байланысты келген тұрғындарға  әкім еліміздің заңнамасына сәйкес республикамыздың әрбір азаматына он соттық жер берілуі тиіс екенін айтты. Бірақ заңдағы өзгерістерге сәйкес су мен жарығы тартылған, жолы салынған, яғни коммуникациялық желілері бар жерлерден ғана тұрғын үй салуға жерлер берілуі керек. Сол себепті 2011-2013 жылдары бері өңірімізде жер телімдерін беру тоқтап қалды. Соған байланысты бұл бағытта кезек саны көп. Бүгінгі таңда Орал қаласында 67 мыңға жуық адам кезекте тұр. Қазіргі уақытта бұрын жер телімдері берілген шағын аудандарға коммуникациялық желілер тарту жұмыстары жүруде. Бұл бағытағы жұмыстар аяқталғаннан кейін ол желілер жаңа жерлерге тартылады. Жер телімдері содан кейін беріледі. Ал пәтер кезегінде 15 мың адам тұр. Жыл өткен сайын кезекте тұрғандарға беріліп жатқан пәтер саны артып келеді. Мәселен, былтыр 480-нен астам тұрғын қоныс тойын тойласа, биыл олардың саны 1 мыңнан аспақ.

         Ал қоғамдық қабылдау барысында жер реформасына қатысты ұсыныс жасаған азаматтар облыстық қоғамдық кеңестің отырысына шақырылды.

         Шара соңында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Алтай Көлгінов мұндай қабылдау алдағы уақытта да өткізіліп тұратын айтты. Облыс әкімінің орынбасарларымен, аудан әкімдерімен де осындай қоғамдық қабылдаулар жүргізілмекші.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале