26.04.2016, 17:45
Оқылды: 24

Олжас Сүлейменов – «Теректі барысы»

Terekti barisi    Спорт сүйер қауымның асыға күтер мерекесі іспеттес «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу әр ауданда өтуде. Жыл өткен  сайын теректіліктердің де бұл турнирге деген қызығушылығы артып келеді. Барыс атанамын деп барларын салатын жастардың легі қаулап өсуде.


    Аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде аталмыш турнирге іріктеу мақсатында қазақ күресінен аудан біріншілігі оздырылды. Доданың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Тоқжанов салауатты өмір салтын қалыптастыруда осындай шаралардың маңызы зор екендігін атап өтті.

    Аудан біріншілігіне 5 салмақ дәрежесі және «Түйе балуан» аталымы бойынша спортшылар қатысты. Қорытындысында, 55 келі салмақ дәрежесі бойынша А.Изтілеуов(Подстепный ауылы) жеңімпаз атанса, 60 келіде Ж.Жанғалиге(Подстепный ауылы) тең келер ешкім болмады. Сонымен қатар 70 келіде Ақжайық ауылының  жас балуаны Б.Ерешевтің жауырын жер иіскемеді. 80 келі салмақ дәрежесінде ақсуаттық Е.Малдыбаев чемпион атанса, 90 келіде Д.Төлеуғазиев(Ақжайық ауылы) жеңіс тұғырына көтерілді.

     Жиналған жұртшылықтың делебесін қоздырар «Түйебалуандардың» айқасы өте тартысты болды. Барлық қарсыластарын таза жеңіп, көрерменнің көзайымы атанған, Федоров ауылы атынан сынға түскен Олжас Сүлейменов «Түйе балуан» атанды. Жеңімпаз арнайы дайындалған белдікпен қатар, аудан намысын облыста қорғау мәртебесіне ие болды. Ендеше, барша теректіліктер тақым қысып, Олжастай оғланның тілеуін тілейтін болады!

www.zhaikpress.kz

Теректі ауданы

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале