29.04.2016, 17:17
Оқылды: 31

Олимпиада чемпионы С.Сәпиев Оралда шеберлік дәрісін өткізді

 Serik sapiev    Бүгін «Орал» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бокстан олимпиада чемпионы, Вела Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев балғын спортшылармен шеберлік дәрісін өткізді.

     Атақты спортшы қырыққа жуық балғын боксшылармен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың түрлі сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар өзінің сүйікті әдіс-тәсілдерін көрсетіп, шеберлік қырларымен бөлісті. Жасөспірімдерге жарқын жеңістерге қол жеткізу үшін үзбей жаттығу мен шеберліктерін шыңдай берудің маңызы зор екендігін жеткізді.


     Кездесуге қатысқан БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекеттің атап өткеніндей, мұндай жүздесулер спортты серік еткен жас жеткіншектердің есінде қалады. Олар Серік Сәпиев сынды саңлақтардың өмір жолына қанығып, үлгі тұтатын болады. Сонымен қатар өздері де болашақта олимп шыңына шығуға ұмтылары анық.

     Айта кетейік, Серік Сәпиев ертең Орал қаласында өтетін ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған велошеруге қатысу үшін арнайы келді. Велошеру теннис орталығынан басталып, П.Атоян атындағы стадионда мәреге жетпек.

 www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале