1.06.2015, 20:20
Оқылды: 23

Ол күндер ұмытылмайды

Janakala ol kynder ymitilmaidi    Жаңақала ауданында әр саладан, мекеннен, әр түрлі жастағы адамар Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш маңына жиналып, құран бағыштап, ойранды жылдар туралы естелік айтуды дағдыға айналдырды. Биыл да 30 мамыр күні сол дағдыға сай жиналып, митинг өткізді.

Аудандық кітапхана қаралы жылдар туралы әдебиеттер мен басылым парақтарынан көрме жасаса, мектептер оқушыларын дайындапты. Аудандық мәслихат хатшысы, қоғамдық келісім кеңес төрағасы Закария Сисенғали мен қуғын көрген азаматтың ұрпағы, аудандық әділет басқармасының басшысы Фарида Хафизқызы гүлшоғын қоюмен ашылған жиында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Саматов «ол күндер енді оралмасын, ондай шолақ белсенділер енді басымызға келмесін» деген тілегі бар сөз сөйлесе, қуғын-сүргін көргендердің ұрпақтары атынан сөз алған Қабдығали Текебаев өткен күннен тарих тұнған естелік айтты. Ал, №3 мектептің тарих пәні мұғалімі Ұлпан Сүндетқалиева ол жылдарға маман ретінде бағасын берді. Ал, оқушылар Айнара Самиғолина жерлес ақын З.Сисенғалидың өлеңін оқып, бір күрсіндіріп алса, Марлен Ғилымханов «Тұнық шер» атты өлеңінде репрессия құрбаны болған бабаларының басындағы күйден езіліп кеткенін шебер жеткізе білді. Аудандық мешіттің наиб имамы Серік Мұстафин құран бағыштап, дұға тілегеннен кейін жиналған жамағат аруақтардың рухына бата ету үшін арнайы әзірленген асқа аттанды.

www.zhaikpress.kz

Қаһарман ЗИНУЛЛИН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале