19.10.2016, 11:02
Оқылды: 36

Ол тілді поэзия арқылы үйренген

%d0%be%d0%bb-%d1%82%d1%96%d0%bb%d0%b4%d1%96-%d0%bf%d0%be%d1%8d%d0%b7%d0%b8%d1%8f-%d0%b0%d1%80%d2%9b%d1%8b%d0%bb%d1%8b-%d2%af%d0%b9%d1%80%d0%b5%d0%bd%d0%b3%d0%b5%d0%bd   Елбасымыздың: -Қазақ тілі бүгінде білімнің, интернеттің тіліне айналды... Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн,-деген сөзін әрдайым есінен шығармай жүретін зеленовтық Анастасия Долженконы еліміздің нағыз жанашыр азаматшысы десе де болады. Оқуда озат, қоғамдық өмірде белсенді жас осы күні шахарымыздағы медицина коледжінде оқып жүр. Кей қандасымыз сөйлей алмайтын қазақшаны да бір адамдай меңгеріп алған ол ауданға қарасты Новенкий ауылында тұрады. Ал туған жері алыстағы Тәжікстан. Тәжік астанасы Душанбеде туғанымен 1 жасында елімізге келген Настя мектеп табалдырығын Новенкийде аттаған. Жастайынан қазақ тіліне құмар қыз 5 сыныпқа көшкен кезде білікті ұстаз Айгүл Имашеваның қол астына өтеді. Настяның мемлекеттік тілге деген ерекше ықыласын байқаған ұстазы оны өлең оқуға дағландырып, түрлі сайыстарға да дайындай бастайды. –Айгүл апайымыздың сабақтарын ерекше сүйетінмін. Оның сабағынан қалу мен үшін үлкен трагедия сияқты болатын. Сол ұстазымның арқасында тек тілді ғана емес, әдебиетті де сүйе бастадым. Абай мен Мұқағали жырларына да ғашық еткен сынып жетекшім еді,-дейді Анастасия.


Мектеп жасынан поэзияға құмар қыз аудандық облыстық Абай оқулары, Мемлекеттік тіл менің тілім сияқты сайыстарға қатысып әрдайым жүлделі орындарды еншілеп үлгерген. Тіпті колледж қабырғасында жүрген кезде де тіл мерекесіне орай ұйымдастырған сайыста бағын сынап, жеңіске жеткен.

-Қазақ елінің болашағы жастардың қолында. Еліміздің ертеңі біз боламыз. Сондықтан өзіміздің болашағымыз бен бізден кейінгі ұрпақ бақытты ғұмыр кешуі үшін оқуымызда озат, еңбекте адал болуымыз керек,-дейтін Настяның әкесі Семен мен анасы Очаой да қыздарының мемлекеттік тілді меңгергеніне әрдайым қуанып, қолдап жүреді екен. Анасының -тіл үйренуің керек,- деген ақылын әрдайым жадынан шығармайтын ол қиын сәттерде Абай мен Мұқағалидың өлеңдерін оқып тынығатынын, мағынаға толы өлеңдер өзіне қосымша күш беретінін айтады. Ал, Абайдың «Заман ақыр жастары», «Желсіз түнде жарық ай», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» және Мұқағалидың «Майгүліме», «Үш бақытым», «Дос болам десең» деген өлеңдері Настяның сүйікті жыр жолдары екен.  Сәті келсе, Абай мен Мұқағали жырларын оқып жібергенді де жаны сүйеді.

Бар өмірін тек қазақ елімен байланыстыратын Анастасия  қазақ жастарын тіл үйренуге шақырады. –Өзің өмір сүріп отырған, саған білім беріп, сені өсірген елдің тілін әр азамат меңгеруі керек. Өйткені тіл ана сүтімен берілетін қасиетіміз. Тіл дегеніміз бізді ата-бабамызбен байланысымызды жалғаушы құрал. Әр адам өз ана тілін меңгеріп алуы керек. Дана қазақ: -Жеті түрлі білім біл, жеті жұрттың тілін біл,- деп бекер айтпағанғой. Сондықтан қазақ елінің әр азаматы тек білімді ғана емес, ана тілін құрметтеп, өзге тілде де еркін сөйлей алуы керек,-дейді.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале