25.06.2016, 11:44
Оқылды: 62

Он алтыншы жыл


DSC_0065«Жайық Пресс» медиахолдингінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті. Оған өңірімізге белгілі өлкетанушылар мен тарихшылар қатысты.


Бүгінгі Тәуелсіздік кезеңінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына көзқарас қандай? Қазіргі Қазақстан халқы бір ғасыр бұрынғы оқиғадан қаншалықты  хабардар? Бұл кезең мектеп бағдарламасында қалай қамтылған? Жалпы, біз 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың себебі мен салдарын, нәтижесін толық зерттеп, зерделеп болдық па? Жиын барысы осындай сұрақтардың аясында өрбіді.

DSC_0107— 1916 жылдың 25 маусымынан басталған тарихи оқиғаға жүз жыл толып отыр. «DANAkaz» журналының 2015 жылғы сандарының бірінде «Орал өңірі» газетінің бастауында тұрған тұлғалардың бірі Тамимдар Сафиевтің жүз жыл бұрынғы оқиғаға қатысты облыстық өлкетану музейінде сақталған қолжазбасын араб қарпінен кирилге аударып, «1916 жылғы оқиға» деген атаумен жариялады. Онда құнды деректер мол. Сол материал арқылы тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтардың мәні айқындала түсеріне көзіміз жетті. 1916 жылғы көтеріліс, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы, Тәуелсіздігімізге 25 жыл толуы – осы елеулі даталардың арасында өзара байланыс бар екені анық аңғарылады. Мысалы, 1916 жылғы көтеріліс Патша үкіметінің құлауына әкеліп соқтырды. 1986 жылғы оқиғаның Кеңес үкіметінің ыдырауына әсері болды. Отарлық жағдайдағы қазақ халқының рухы көтеріліп, санасы ояну арқылы бүгінгі азаттығымызды алдық десек, артық айтқандық болмас. Осы орайда жүз жыл бұрынғы оқиғаға байланысты ғалымдарымыздың пікірі халыққа жетсін, ақпарат құралдарына ақпараттық негіз болсын деген ниетпен арнайы жиналып отырмыз, — деді дөңгелек үстел мәжілісін жүргізген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин кіріспе сөзінде.

Тұяқбай РЫСБЕКОВ,

тарих  ғылымдарының докторы, профессор:

— Бүгінгі шараны өте маңызды, қажетті деп есептеймін. Өйткені жалпы тарихта «циклділік» деген ұғым бар. Ол — болған оқиғаның келесі бір тарихи кезеңде қайталануы. Бүгінгі таңда 1916 және 1986 жылғы тарихи оқиғалар тиісті деңгейде зерттеліп, өз бағасын алған жоқ. Мысалы, ұлт-азаттық қозғалыстардың негізгі ошақтарын атап өткенімізбен, өзіміздің батыс өлкедегі, Маңғыстаудағы, Сыр бойындағы тарихи жағдай Амангелді Иманов есімімен байланысты Торғай оқиғасындай жеткілікті зерттелді деп айта алмаймын. «Алаш тұлғалары 1916 жылғы көтеріліске қандай көзқараста болды?» деген сұрақ туындайды. Алаш қозғалысын қаралап келген тоталитарлық кезеңде олар көтерілісті жақтаған жоқ деп, Амангелді Иманов оқиғасымен байланысты қарама-қайшылық жасап келді. Бұл қате пікір. Кей жағдайда тарихшыларға әлеуметтік тапсырыс деген болады. Осындай тапсырысты орындамаған күнде ғана тарих шынайы болады. Үкіметтің немесе басшылық жасап отырған партияның сол кезеңдегі оқиғаларды бұрмалап жеткізу мәселесі тарихта болды. Мұндай жағдайда тарих ғылымы өз миссиясын атқара алмайды. Тарихшының міндеті – оқиғаның шындығын жеткізу. Ал оны кімнің қалай қабылдайтыны ғылымға бөгет болмауы тиіс. Алаштықтардың 1916 жылғы көтеріліске көзқарасына келсек, олар ұлттық мүдде тұрғысынан, отансүйгіштік жағынан келгенде, ешқандай сатқындық жасаған жоқ. Бұл мәселеде қазақ зиялыларын екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірі – кейінгі Алаш партиясының өкілдері, екіншісі – жалпы қазақ зиялыларының өкілдері. Бұлар көтеріліске қатысты екіжақты көзқараста болды. Біреуі – радикалды солшыл топ. Олар 1916 жылғы көтерілістің басы-қасында болып, оны ұйымдастыруға қатысып, басшылық етті. Мұның мысалын Батыс Қазақстан бойынша Сейітқали Меңдешевтің, Жетісуде Тоқаш Бокиннің іс-әрекетінен көре аламыз. Олар сол әрекеттеріне байланысты айдауда да, түрмеде де болды. Бірақ алған беттерінен қайтқан жоқ. Ал Алаш қозғалысының өкілдері «Егер 1916 жылғы 25 маусымдағы Патша үкіметінің жарлығы орындалмайтын болса, онда қантөгіс болады. Патша жендеттері халықты қыруы мүмкін. Сол қантөгіске жеткізбейік. Жарлықтағы қара жұмысқа бару мәселесін іске асыруға қатысайық» деген пікірде болды. Бірақ олар 1916 жылы Орынборда жиын ұйымдастырды. Жиында 17 пункттен тұратын құжат қабылдаған еді. Сол құжатта негізгі мәселелердің бәрін тиянақтап қарастырған. Енді қазақ зиялылары сатқындық жасаған жоқ деген тұжырымға келу себебімізге тоқталайық. Олар көтеріліске қатысқан адамдарды жазалауды тоқтату, оларға жеңілдік жасау, отбасыларына көмек көрсету, жер аудару мәселесін болдырмау деген мәселелерді көтерді. Көтеріліс басталуының негізгі себебі аграрлық мәселеден туындады. Бұл көтеріліс әр жерде өзінің локальдық сипат алғанына қарамастан, жалпы барлық аймақта бір мезгілде болып, халықтың оған үнқосуы ұлт санасының жетілгендігі еді.

Жайсаң АҚБАЙ,

өлкетанушы:

— Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалин Мемлекеттік думаға әдейі барып мәселе көтерді. Олардың атқарған жұмыстары өте мазмұнды, күрделі болды. Оған Дума назар аударды. Сөйтіп, көтеріліс даласына Керенский басқарған делегация келді. Керенский «Мен ол жерге орыс халқының өкілі болып барғаныма ұялдым. Халқымның атына кір келтіретін жағдайдың куәсі болдым. Бішкекте халықтың көзінше қарусыз адамдарды атқанын көрдім. Бұл барып тұрған зұлымдық. Халыққа көрсетілген зәбір» деп қазақтарға болысқан. Егер Әлихан, Міржақып сынды қазақ зиялылары көтеріліске тікелей басшылық жасаса, олардың көздері құртылатын еді. Кейін Алаштың қайраткерлері ретінде тарихи аренаға шықпай қалған болар еді. Осы тұрғыдан олар көрегендік жасады. Менің ойымша, қазақ немесе Орта Азия ұлттарын қара жұмысқа тарту көтерілістің басты себебі емес. Ол қазақ халқы төзімінің таусылған шағы еді. Қазақ даланың еркесі еді, даласын тартып алды. Он мың адамды шақыртумен балық аулауға жіберген. Тіпті казак-орыстардың малын бақтырып, олар соғыста жүр деп үй шаруасын жасатқан. Осындай жағдайда даладағы мал мен жанұя иесіз қалды. Ал өз қандастарымыздан шыққан болыстар байдың тұқымын қорғап, 15-16 жасар балаларды олардың орнына салып жіберген. Біз бұл көтерілісті ұмытуға тиісті емеспіз.

Оның ерекшелігі сол – халық жер-су, бостандық үшін күресті. Бұл жай ғана бас көтеру емес, тұтас қазақ даласын қамтыған көтеріліс. Сол төңкерістің құрбаны болып өлгендері өз алдына, миллионнан астам адам Қытай, Иран, Түркия, Ауғанға асқан. Мұндай тарих жария болуы керек. Халықты рухтандыру бағытында бұл оқиғаның маңызы жоғары.

zhaksigalyЖаңабек  ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

тарих  ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы:

— Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1916 жылғы көтеріліс мәселесін мектеп оқулықтарында, сондай-ақ Қазақстан тарихының бес томдығында Манаш Қозыбаев ағамыз қолға алды. Биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында қазақ тарихындағы жүз жыл толып отырған елеулі оқиғаның республикалық масштабта үлкен басылымдарда кеңінен насихатталмай жатқандығы мені тарихшы ретінде ойландырады. Мүмкін мемлекеттік үлкен саясаттың біз түсінбейтін иірімдері бар шығар. Бұл тақырыпқа «Аңыз адам» журналы ғана бір санын арнады. 1916 жылғы көтеріліс мәселесіне келгенде, мектеп және ЖОО оқулықтары түгелдей Манаш Қозыбаевтың ойларын басшылыққа алып келеді. Патша үкіметінің ғасырлар бойына жүргізген бөліп ал да, билей бер саясаты болды. Әдейі бірнеше әлеуметтік топтарды майдан даласынан босатты. Олар Шыңғыс тұқымдары, ірі ақсүйектер, имам, молда, мүдәрістер, кіші несие қызметкерлері, ұсақ бухгалтерлер, бір сөзбен айтқанда, ауылнай, болыс, старшындардың патша үкіметінің қазақ жеріндегі отаршылдық  саясатын жүзеге асырып отырған топтарын майданнан босатты. Сондықтан көтеріліске шыққан халық бірінші кезекте болыстарды өлтірді. Тарихшы Исатай Кенжәлиев бұл уақытты пара алудың қатты асқынған кезі деп жазады. Ол Таловка қисымында Қарабаев деген кісінің туған жылын өзгертіп көрсету үшін әр жігіттен мың сомнан пара алғандығын келтіреді. Көтерілісшілерді жазалау әрекеттері өте айуандықпен жүзеге асқан. Саяси идеологияның салқынынан 1916 жылғы көтеріліске байланысты мәртебесі  Амангелді Имановтан да жоғары Әбдіғапар Жанбосыновтың есімін білмей келдік.

 

Есқайрат ХАЙДАРОВ,

тарих  ғылымдарының  кандидаты:

— Көтерілістің шығуы патша үкіметінің түрлі реформалар арқылы отарлық саясаттың шырқау шыңына жетуінен орын алды. Патша үкіметі Қазақты елдігінен айырды. Екінші кезекте жерінен айырған еді. ХІХ ғасырдың 60-80-жылдарында шаруаларды қоныстандыру саясатын жүргізе отырып, оларды қаруландыру жағын көздеген. Сөйтіп, өзіне әлеуметтік тірек даярлауға да көшті. Бірінші кезекте көтерілісті зерттеу жағына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Кезінде осы тақырыпта тарихшы Ғинаятолла Қарабалиннің мақалалары шықты. Тұяқбай Зейітұлының жаңаша тұрғыда, көтерілісті көрген адамдардың естеліктері арқылы жазылған мақалалары бар. Бұл, әрине, дерек көзі ретінде өте пайдалы. Енді мұрағаттық деректер арқылы да кең зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігі байқалады. Жалпы, бұл көтерілісті тарихи тағылым ретінде насихаттау жұмыстары кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Алаш зиялылары қазақ жұрты әскерге барса, әскери әдістерді үйренеді, ел, жер көріп, саяси сауаты ашылады деп есептеді. Ол солай болды да. Көтерілісшілерді алаш зиялыларының қандай қамқорлыққа алғаны туралы Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» еңбегінде кеңінен жазылған. Сол қамқорлықтың арқасында қара жұмысқа алынғандар арасында жастар ұйымдары ашыла бастады. Мәселен, Орынборда «Еркін дала», «Игілік қауымы» деген жастар ұйымдары құрылған. Оралда «Үміт», «Жас қазақ» секілді ұйымдар болды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Бөкей ордасында жастардың «Жігер» атты ұйымы құрылды.

DSC_0087

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы:

— 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен алаштың оқыған қауымы теріс айналған жоқ. Керісінше, халықты дұрыс жолға бастауға тырысты. 1916 жылғы оқиғаға байланысты патша үкіметінде құпия жарлық болған. Онда «Жалпы қазақ даласындағы оқыған зиялы қауымға өздік көзқараспен қарауымыз керек» дейді. «Өздік» деп отырғаны зиялыларды көтеріліс жағдайында халықтан тез арада ажырату керек деп есептеген. Сейітқали Меңдешев, Әбдірахман Әйтиев сынды оқыған азаматтарды ешқандай көтеріліс басталмай тұрып-ақ түрмеге жабуын осы саясаттың айқын көрінісі деуге болады.

 

 

Жәнібек ИСМУРЗИН,

тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы:

— 1916 жылғы көтеріліс мәселесі кеңестік кезеңде зерттелді. Бірақ сол кездегі идеологиялық шеңберден аса алған жоқ. Оның ішінде Батыс Қазақстандағы көтеріліске қатысты зерттеулер 7-8 беттен аспайды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, атап айтқанда 1998 жылы «Қаһарлы он алтыншы жыл» атты екі томдық жинақ шықты. Оның ішіне бұрын айналымда болмаған біраз мәлімет енді. Біздің өлкеде осы тақырыпқа қатысты жүйелі зерттеу әлі күнге дейін жоқ. Мұндай жұмыстарды қолға алатын уақыт келген сияқты. 1916 жылғы көтеріліс туралы бүгінгі «Орал өңірі», бұрынғы «Қызыл тудың» 1926 жылғы шілде, тамыз, қыркүйек айларында шыққан сандарынан біраз құнды мәліметтер кездестіруге болады. Он жыл өткеннен кейін арнайы тапсырмамен көтеріліске қатысқан көзі тірі адамдардан естеліктер жинаған. Өкінішке орай, облыстық мұрағатта «Қызыл тудың»1926 жылғы тігіндісі жоқ. Осы орайда Алматыдағы орталық ғылыми кітапханадан аталмыш тігіндінің көшірмесін тұтастай алдырса деген ұсыныс бар. «Екпінді құрылыстың» 1936 жылғы сандарында аталмыш көтеріліске байланысты арнайы нөмірлер дайындалған. Бірақ мұның да тігіндісі облыстық мұрағатымызда толық сақталмапты.

DSC_0100Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«DANAkaz» журналының бас редакторы:

— Көтеріліске 100 жыл толуына орай журналымыздың 2016 жылғы әрбір санында «1916» деген айдармен материалдар легін жариялап келеміз. Ол жыл соңына дейін жалғасатын болады. Осы орайда Тұяқбай Зейітұлының, өлкетанушы Қайыржан Хасановтың мақалалары жарық көрді. Бұл тарихшы мамандарға арнаған алаңымыз. Тарихшыларды осы тақырыпта бірлесе жұмыс жасауға шақырамын.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале