26.08.2015, 18:44
Оқылды: 25

Оралдағы арақсыз өткен той

кымызАрақ-шарап дегеннің атамыздың асы емесін іс жүзінде көрсету қиын ба? Түк қиын емес екен! Жуырда Оралда «шайтанның суынсыз» өткен тойға куә болып, көңіліміз көркейді. Бұл үлкен өмірге жұп болып қадам  басқан Жансерік Мақсотов пен Күнсұлу Сәндібекқызының үйлену тойы еді.

Жансерік М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дің, қалыңдығы Оралдағы музыка колледжінің биылғы түлектері болып табылады. Олардың бұл жақсылығына Алматы, Атырау, Ақтау, басқа да шаһардан тума-туыс, дос-жарандары, Күнсұлудың елі – Қызылорда облысының Қазалы ауданынан да меймандар келді. «Сәтті» мейрамханасында 160 кісіге жайылған кең дастарқанда қылмойын шөлмектер орнына қымыз бен шұбат құйылған әдемі ыдыстар тұрды. Ниет болса, бәрі болады емес пе, яғни, тұңғыш ұлының өміріндегі айтулы, үлкен оқиғаны арақсыз өткізуді ұйғарған оның анасы Алмагүл Салыққызына (отағасы Оразай былтыр көз жұмған-ды) шырайлы кеш барысында жұрт риясыз көңілден ризашылықтарын арнап жатты. Жансеріктің асыл дінімізді ардақтап, бес уақыт намазын қаза жібермейтіні де саламатты өмір салтының бір айғағына айналған осындай жақсылыққа жол ашқаны кәміл.

Екі жастың ресми некеге отырумен қатар, мешітте де некелерін қидырғанын айта кетейік.

Сөздің қысқасы, осындай бір керемет той өтті. Осы бәрімізге жұғысты болғай деген тілек біздікі. Қазаққа әлдебір ғажап емес, әкелген азабы көп арақтан тыйылатын кез жетті емес пе?! Сонау кезде өзге жұрттан келген қаңсықты тұрмысымызға жолатпау да таңсық болмайтын  күнге жетейікші.

www.zhaikpress.kz

Бибігүл ШМАНҒАЛИЕВА

Ақжайық ауданы

Ілбішін ауылы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале