25.12.2015, 20:55
Оқылды: 35

Оралдағы конференцияда Қазақстан мен Ресейдің сот жүйесіндегі тәжірибелері мен ерекшеліктері сараланды

 Oral Eljan Erali  Оралдағы Салтанат сарайында БҚО сотының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңының қабылданғанына 15 жыл толуына арналған «Қазақстандағы тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мәреге жетті.


Конференцияға Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, Еуразиялық экономикалық одақ соты төрағасының орынбасары (қазақстандық өкіл) Жолымбет Бәйішев, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Ресей Федерациясы Саратов облыстық сотының төрағасы Василий Тарасов, Орынбор, Самара облыстарының өкілдері, қазақстандық ғалымдар мен заңгерлер, судьялар қатысты.

Жиынды ашқан БҚО сотының төрағасы Бек Әметов Қазақстанда тәуелсіз сот жүйесінің тамыры тереңде жатқанын және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңының қабылданғанына 15 жыл толуының қазақ мемлекеттілігін құрудың ғасырлар қойнауынан жалғасқан дәстүрлерін әлемге паш еткен Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеумен тұспа-тұс келгендігінің ерекше мәні бар екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан өз жетістіктеріне биыл 20 жылдығы атап өтілген ел Конституциясына сүйене қол жеткізгені ескерілсе, ол республиканың негізгі құқықтық іргетасының берік екендігін білдіреді.

Конференцияда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институтының орнына тоқталса, БҚО соты апелляциялық сот алқасының судьясы Ерлан Идиров Қазақстандағы сот жүйесінің тарихы жөнінде ой қозғады.

БҚО сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Бақытбек Бегалиев ресейлік сот қауымдастығы өкілдеріне Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан туындайтын мақсат-міндеттер жөнінде әңгімелеп берді.

Жиында сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ соты төрағасының орынбасары (қазақстандық өкіл) Жолымбет Бәйішев осы сот органы атқарып отырған жұмыстар жөнінде айтса, Саратов облыстық сотының төрағасы Василий Тарасов, Орынбор облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі алқасының төрағасы Мұрат Қожабаев және басқалары өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Жалпы, конференцияда ресейлік және қазақстандық сот жүйелерінің өзекті мәселелері салыстырмалы түрде талданды. Екі елдің сот жүйесі мен сот төрелігін атқарудағы тәжірибелері мен ерекшеліктеріне назар аударылды. Конференцияға қатысушылар қазақстандық сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуын айшықтаған көрмені, бейнероликті тамашалады.

Жиын соңында сот билігі мен судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы қарар қабылданды.

 www.zhaikpress.kz  

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале