13.11.2015, 12:06
Оқылды: 30

Оралда жазушы-журналист Б.Ғұбайдуллиннің шығармашылық кеші өтті

BAuirjannin keshi 01Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында танымал жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Ердім бір сиқыр қаламға...» атты шығармашылық кеші өтті.

БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония қаламгердің 50 жасқа толуына орай ұйымдастырған кеште алдымен Б.Ғұбайдуллиннің өмір және өнер жолы туралы деректі фильм көрсетілді.

Мерейтой иесін өңір басшылығы атынан облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев құттықтап, Бауыржан Файзоллаұлының еңбек жолын қарапайым жұмысшылықтан бастап облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторлығына дейін көтерілгендігін атап өтті. Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов Б.Ғұбайдуллин басқарып отырған облыстық газеттің шығармашылық ұжымын ҚР Инвестициялар және даму министрлігі өткізген ұлттық инновациялар байқауының бас жүлдесін (1 млн. теңге) жеңіп алуымен құттықтады. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева Бауыржан Ғұбайдуллиннің Теректі ауданы Шағатай ауылдық округіндегі Қызылжар сынды кішкентай ауылда, Ақ Жайықтың жағасында өмірге келіп, осындай дәреже-деңгейге жеткендігін айта келе, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Сенат депутаты Нұрлан Оразалиннің құттықтауын жеткізді. Оған қоса ақын, тележурналист Мұнайдар Балмолда екеуіне Қазақстан Жазушылар одағының мүшелік билетін табыс етті.

Кеште сондай-ақ «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин, Б.Ғұбайдуллиннің курстастары, белгілі журналистер Ғабит Мүсіреп, Бақытжан Қосбармақов, Мұхтар Атабек, Жолдасбек Шөпеғұл, Аяпберген Салықов, облыстық мекемелер мен бірқатар аудан басшылары ізгі тілектерін білдірді. Бауыржанның әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқитын ұлы, қазірдің өзінде халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпаз-жүлдегері болып үлгерген Алпамыс Файзолла ақжарма тілегін өлеңмен жеткізді.

Облыстық филармонияның «Назерке», «Ақжайық» халықтық би ансамбльдері, Жаңылсын Хасанова, Нұржан Тасболатов, Еркін Өтегенов сынды танымал әншілер өнер көрсетіп, кеш мерейін арттыра түсті.

Айта кетейік, кезінде бірқатар республикалық басылымдарда қызмет атқарған Бауыржан Ғұбайдуллин он жылдай уақыт бойы облыстық «Орал өңірі» газетіне жетекшілік етіп келеді. Оның қаламынан әр жылдары «Күн бала», «Жиһанкез Ақкербез», «Жаныма жақын жағалау» атты кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар біраз шығармалары «Ақ желкен», «Балбөбекке бәсіре», «Қолтаңба», «Жыл - он екі ай» секілді жинақтарға енгізілді.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале