15.08.2016, 12:32
Оқылды: 18

Оралда оңтүстіккореялық хирургтер ота жасап, шеберлік сағатын өткізді

koreaМин клиникасының бас директоры, Сеул  университетінің профессоры Ким Джон Мин бастаған оңтүстіккореялық хирургтер қалқанша без эндохирургиясы саласында әлемдік тәжірибені енгізу мақсатында Батыс Қазақстан облыстық ауруханасына келіп, ота жасап, шеберлік сағатын өткізді.

Облыстық аурухана директоры Ерлан Тоқсановтың айтуынша, оңтүстіккореялық әріптестер барлығы үш отаны тегін жасап берді. Батысқазақстандық хирургтер бәрін көзбен көріп, тәжірибелерін байыта түсті. Мұндай байланыс алдағы уақытта да жалғаспақшы.

Айта кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, облыстық аурухана базасында лапароскопиялық холецистэктомия 1998 жылдан бері енгізілген. Қазіргі кезде ауруханада іш және кеуде құрылыстарына, құлақ-мұрын органдарына эндоскопиялық оталар жасалуда.

Бұған дейін тығыз халықаралық ынтымақтастық және эндоскопиялық хирургияны одан әрі дамыту мақсатында  Ким Джон Миннің шақыруымен облыстық аурухана шұғыл хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты хирург Қуаныш Жайшев Оңтүстік Кореяда оқып, білімін жетілдіріп келген болатын.

Жалпы, өңірде қалқанша безі ауруына шалдыққандар азаймай келеді. Тек облыстық ауруханада жыл сайын 60 ота жасалады.

Елжан Ералы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале