18.11.2016, 20:49
Оқылды: 39

Оралда республикалық жастар акциясы өтті (ФОТО, ВИДЕО)

fb_img_1479521472692Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып жатқан «Менің елім – Мәңгілік ел» атты жалпы республикалық жастар акциясы Орал қаласында өтті.


«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының ғимаратында ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев сөз алып, ауқымды акцияның ел идеологиясын дамытуда маңызы зор екенін, мемлекетті көркейтетін жастардың болашағына сенетінін айтты.

fb_img_1479522188473Кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Егор Каппель ізгі лебізін мемлекеттік тілде бастап, жастарға «ақ жол» тіледі.
– Мәжіліс депутаттары «Жастар саясаты туралы» жаңа заң жобасын талқылауда. Құжатта жастарды елжандылыққа баулуға негіз болатын басты критерийлерді енгізу қарастырылуда. Жастар Отанын шын жүрегімен беріле сүюі тиіс. Бәріміз бір болуға ұмтылып, татулық пен тұрақтылықты нығайта түскеніміз абзал. Бүгінгі таңда жастар бәсекеге қабілетті болуы үшін, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек. Еліміздегі жастардың 73 пайызы қазақ тілінде емін-еркін сөйлеседі. Ал араларыңызда кімде-кім мемлекеттік тілді білмесе, тез үйренуі үшін оған көмектесіңдер. Сонымен қатар Қазақстанның тарихын терең білуге ұмтылыңдар. Біз – қазақстандықтармыз. Бұл сөздің түбірі «қазақ» деген сөзден шыққан. Әлемде қазақ ділінен асқан ешқандай менталитет жоқ. Біздің халықтың мәдениеті өте керемет. Мемлекеттің әрбір тұрғыны, оның ішінде, өзге ұлт өкілдері де қазақтың ата-бабаларымен мақтана білуі керек. Себебі олар байтақ та көркем атамекенді бізге табыстап кетті, – деді Егор Каппель.
fb_img_1479522285721Ұлттық саясаттың нақты бағдарын айтқан халық қалаулысынан кейін Павлодар облысынан келген жастар көшбасшысы Максим Споткайдың таза қазақ тілінде сөйлеуі акцияға жиналғандардың көңілін тіпті шат-шадыман қылды.
– Жер жаннаты – Жетсудан басталған акция енді Ақжайық өңірінде сән-салтанатымен аталып өтілуде. Бұл эстафета желтоқсанның бірі күні Елордада аяқталады. Акцияның басты нышаны - «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері» кітабына батысқазақстандық жастар қолтаңбасын қалдырып, Ақтөбе облысына жолдайтын болады, – деді Максим Споткай.
Акияда жұма күні Орал қаласына келіп жеткен «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әміржан Әлпейісовке сөз берілді. «Мәңгілік Ел» болу – ата-бабаларымыздың арманы еді. Елбасымыздың қажырлы еңбегінің арқасында сол ұлы мұратқа қол жеткізіп отырмыз. Біз ежелден жалғасып келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиенің, ізгі өнегенің шарапатын жастардың бойынан іздейміз. Тәуелсіздік алғалы шекарамызды бекіттік, әскерімізді нығайттық. Бүгінде керегеміз кең, шаңырағымыз биік», – деген ол Елбасының тапсырмасымен барлық өңірді аралап жүрген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мән-маңызын түсіндірді.
fb_img_1479521514464Салтанатты шарада Ақжайық аудандық мәслихатының депутаты, Тәуелсіздік құрдасы Біржан Кухаев, самбо күресінен спорт шебері Серікбай Нағымов, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті Мәдина Құрбанова ізгі тілектерін ортаға салды. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев жалпы республикалық жастар акциясына қатысушылардың Елбасыға арнаған Үндеуін оқыды.
Спикерлер сөйлеп болған соң, салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Акция барысында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері» кітабы Ақтөбе облысы жастарының өкілі Ерхан Мырзағұловқа табысталды. Ассамблея бастамасы мәресіне жеткенше, біздің облыста акция аясында түрлі іс-шаралар өткізілмек.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале