8.04.2016, 11:54
Оқылды: 26

Оралда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

????????????????????????????????????

    Кеше Орал қаласындағы 5517-әскери бөлімде бұдан жиырма бір жыл бұрын, 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Қазақстан ішкі әскерінің 17 жауынгерін құрметпен еске алды.

    Сол күні рота командирі, капитан Ерлан Алданазаров бастаған жауынгерлердің Пшихвар шатқалында күші басым жаумен шайқасуына тура келді. Старшина Қалмақан Бақбаев, сержант, Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданынан аттанған Радик Қаймулдиев, кіші сержант Әлихан Өгізбаев, қатардағы жауынгерлер Қанат Едырышов, Ербол Исабаевтар соңғы оғы қалғанша атысты.


     Олардың бәрі де қаза тапқаннан кейін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Барлығы он жеті қазақстандық жауынгер көз жұмса, отыздан астамы түрлі жарақат алды. Ерлікпен қаза тапқан Ержан Әбдиев, Ержан Байбағысов, Еркін Байғабылов, Қалмақан Бақбаев, Ербол Бекебаев, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомаддин Жұматов, Қанат Едырышов, Ербол Исабаев, Радик Қаймулдиев, Михаил Мартыненко, Еркебұлан Мақажанов, Анатолий Мешков, Дастан Нұрметов, Әлихан Өгізбаев, Тахир Рахымжановтың есімдері мәңгі ел есінде.

    Қазіргі кезде Тәжікстанның сол шатқалында ескерткіш тақта орнатылған. Сарбаздардың туған жерлерінде де құрмет көрсетіледі. Мысалы, Шыңғырлау ауылында сержант Радик Қаймулдиевтің өзі тұрған көше оның есімімен аталады.  Қатардағы жауынгерлер Б.Далабаев пен И.Жұматовтың есімдері Жамбыл облысындағы бақ пен гүлзарға берілген. Ақмола облысында орта мектеп тағы бір қатардағы жауынгер Е.Бекебаевтың атында.

     «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, салтанатты жиында «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов, қолбасшылықтағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Фомушкин, БҚО ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Өтеулин, БҚО ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамының төрағасы Таһир Қосжанов және басқалар сөз алып, шекара өтінде батырлықпен көз жұмған сарбаздардың есімі елмен бірге жасай беретінін атап өтті.

     Сол шайқасқа қатысқандардың бірі - бүгінде «Батыс» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Берік Омаров. Ол кезде Б.Омаров рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, лейтенант болатын. «Сол күн ешқашан ұмытылмайды. Біз бұл күні қаза тапқан 17 жауынгердің құрметіне қойылған ескерткішке келіп, тағзым етеміз. Олардың ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек», деді Б.Омаров.

www.zhaikpress.kz

 Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале