1.04.2016, 19:18
Оқылды: 21

Оралда халықаралық слет өтеді

slet      Биыл жазда Оралда өтетін Ресей, Германия және Қазақстан жас өрт сөндірушілерінің 3 халықаралық слетіне дайындық мәселесі бойынша үшжақты кездесу ұйымдастырылды. Қаламыздағы Достық үйінің конференц-залында өткен жиында үш елдің төтенше жағдай саласының қызметкерлері бас қосты.


      Халықаралық жас өрт сөндірушілер слетінің басты мақсаты - балаларды қауіпсіздік мәдениетіне тәрбиелеу. Аталмыш слет өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығының беделін арттырып, балаларды ұжымшылдыққа тәрбиелейді, жұмыс тәжірибесімен алмасу үшін жағдай жасайды, сондай-ақ өзге елдің дәстүрі мен тұрмысын тануға септігін тигізеді.

      Мемлекеттер арасында өзара іс-қимыл, жас ұрпақтың достық қарым-қатынасын қалыптастыру бағытындағы бұл шараны өткізу Саратов облысындағы Мемлекеттік өрт қадағалау қызметінің 85 жылдық мерейтойын мерекелеу барысында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті делагациясының ұсынысымен мақұлданған. Сол уақытта батысқазақстандықтар тәжірибе алмасу, өскелең ұрпақты қауіпсіз жүріс-тұрысқа тәрбиелеп оқыту үшін үшжақты Жас құтқарушылар слетін өткізу туралы идеяны ортаға салған. Сөйтіп, аталмыш идея үш мемлекеттің өрт сөндіру қызметтері тарапынан қолдау тапқан. Нәтижесінде 2014 жылы Германиядағы Гессен жерінің «Жас өрт сөндірушілер» ассоциациясының шақыруымен Орал қаласы жас өрт сөндірушілерінің құрама командасы Бергштрасс қаласындағы халықаралық слетке қатысқан. Бұл Саратов және Орал қалалары, Гессен жері жас өрт сөндірушілерінің алғашқы үш жақты слеті болатын.

      Оралға келген меймандарды «Қош келдің» айтып, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов және қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев қарсылады.

    Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марат Күлдіков үшжақты ынтымақтастық тұрғысында қол жеткізілген нәтижелер туралы қысқаша ақпаратпен бөлісті. Ресей ТЖМ Саратов облысы бойынша бас басқармасы заң бөлімі бастығының орынбасары Владимир Серебряков, Германиядан келген әріптестер Клаус Шплидорф және Сергей Голод мұндай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтіп, алдағы халықаралық слетте үш елдің жас өрт сөндірушілері терең тәжірибе алмасады деген сенімдерін білдірді.

         - Біздің елдегі өрт күзетінің ұйымдастырылуы сіздердегі жағдаймен салыстырғанда едәуір өзгеше. Ресей мен Қазақстанда өртке қарсы қызмет ТЖМ, ІІМ құрамына кіреді және кәсіби болып табылады. Германияда кәсіби өрт күзетімен қатар, әсіресе кішігірім қалаларда ерікті өрт сөндіру күзеті кеңінен таралған. Адам қай жұмысты істесе де, маңайда өрт шықса, дабыл алып, өртті сөндіруге шығады. Германияда ерікті өрт сөндіруші болу үлкен беделге ие, - дейді Клаус Шплидорф.

         Кездесу барысында облыстық ТЖД ардагерлер ұйымының төрағасы Ермекқали Машанов меймандарға естелік сый ретінде «ҚРІІМ ардагерлер ұйымына 45 жыл» медалін табыс етті. Германия, Қазақстан және Ресей жас өрт сөндірушілерінің балалар-жасөспірімдер ұйымын одан әрі дамыту және қолдау бойынша Гессен жері «Жас өрт сөндірушілер» ассоциациясы, Бүкілресейлік ерікті өрт сөндірушілер қоғамының Саратов бөлімшесі және «Төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойды.

         Кездесуден соң қонақтар Достық үйіндегі түрлі этномәдени орталық бөлмелерін аралады. Сондай-ақ олар құтқарушылардың кәсіби шеберлігін шындайтын полигонмен, шаһарымыздағы көне өрт сөндіру бөлімімен, өрт-техникалық орталығымен танысты.

www.zhaikpress.kz

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале