20.10.2015, 17:13
Оқылды: 26

Оралда І гранд бал өтпек  

 

12105899_1652311901683560_6663787525583162156_nЖелтоқсанның 19-ында Орал қаласындағы Салтанатты неке сарайында «ЕХРО-ны қарсы аламыз!» тақырыбында І гранд бал ұйымдастырылмақ. Соған байланысты облыс әкімдігінің мәжіліс залында «АL» event компаниясының басшысы, РR-менеджер Алпамыс Шаримов, қоюшы хореограф Қарлығаш Қадырбекова баспасөз мәслихатын өткізді.

Бұл жобаға БҰҰ, «ЭСКПО - 2017» ұлттық компаниясы, «АL» event, «Дарар Медиа Груп» компаниялары қолдау білдірсе, Қазақстандағы Австрия елшілігі серіктестік танытуда.

Мұндай мәдени-рухани қайырымдылық кеш Еуропаның дамыған мемлекеттерінде, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесін насихаттау мақсатында қолға алынып отырған І гранд бал биыл желтоқсанның бірінде Астана, Алматы қалаларында өткен соң, Орал, Қызылорда, Шымкент қалаларында жалғасын таппақ. Келесі жылы басқа шаһарларда болады.

11226176_1652311865016897_6440333160238906986_nАвстрияның Вена қаласынан бастау алған қайырымдылық балының ежелден қалыптасқан ережелері бар. Соған орай өңіріміздегі 18 бен 29 жас аралығындағы үміткерлер, алдымен, желтоқсанның бірінде өтетін іріктеуге қатысады. Онда жастардың зияткерлік қабілетіне назар аударылып, хореографиялық икемделігі тексеріледі. Сыннан өткен елу бойжеткен мен елу жас жігіт шығармашылық дайындыққа кіріседі. Оларға белгілі эстрада әншісі, кәсіби биші Әйгерім Қалаубаева, танымал рэпер Данияр Рахметжанов, «Жаужүрек мың бала» көркем фильмінде басты рөлде ойнаған әртіс Әлия Телебарисова, «Астана-Опера» мемлекеттік балет және опера театрының солисі Досжан Табылды би мәнері жөнінде кеңес беріп, тренинг ұйымдастырады.

Кешті елу жұп «Полонез» биімен ашады. І гранд балда танымал әншілерден халықаралық «Славянский базар» байқауының жеңімпазы, әнші Димаш Құдайбергенов, халықаралық «Түріквижен» байқауының бас жүлдегері Жанар Дұғалова, «Астана-Опера» мемлекеттік балет және опера театрының солисі Азамат Жылтыркөзов өнер көрсетеді. Концерттік бағдарлама тізгінін ҚР Президенті грантының иегері, «Қазақстан» ұлттық арнасының жүргізушісі, халықаралық деңгейдегі кәсіби журналист Жайнагүл Төлемісова, әртіс, әнші, продюсер Тәуекел Мүсілім қолға алады. Сонымен қатар жүргізушілер қатарында болатын оралдық кәсіби маманның кім болатыны алдағы уақытта анықталмақ. Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен классикалық жанрда өтетін салмақты кешке жергілікті өнерпаздар мен эстрада әншілері де қатысады. Бал соңында жастар үшін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ән салатын афро-американдық «Килиманджаро» тобы думан көрігін қыздыра түспек.

12122864_1652311715016912_5016108586193288817_nБиде жұптасқан жастар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне еріктілер ретінде қатысуға мүмкіндік алады. І гранд бал кешінде шетелдік және қазақстандық қоғам қайраткерлері, өнер адамдары, спорт серкелерінің құттықтау-тілектері жазылған бейнероликтер көрсетіледі, халықаралық көрмеге байланысты құрылыс жұмыстарынан сюжеттер таныстырылады. ҚР Ұлттық музейінде сақталған атақты қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған көрме назарға ұсынылады. Кеш салтанатын өңіріміздегі танымал тұлғалар, жергілікті зиялы қауым мүшелерінен, демеуші кәсіпкерлерден 50 VIP-қонақ, республиканың түкпір-түкіпірінен келетін 50 журналист тамашалайды деп күтілуде.

Жалпы, бұл жоба Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін насихаттауға, жастардың эстетикалық талғамын арттыруға, олардың арасындағы зияткерлік-мәдени байланысты нығайтуға, қайырымдылық шараларын қолға алуға, бал өтетін қала имиджіне оң ықпал етуге бағытталып отыр. І гранд балдың мейірім шарапатымен сабақтасатын тұсын ерекше атап өтуге болады. Жоба аясында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаты кешеніне отандық ғалымдарымыздың жаңа инновациялық технологияларымен жасаған су тазалау құрылғысы орнатылмақ. Аталған білім ордасының тәрбиеленушілері сахнада қазақ эстарадасының жұлдыздарымен бірге өнер көрсетулеріне мүмкіндік беріледі. Бұл идеяның жарыққа шығуына БҰҰ түрткі болған және қаржылай қолдау білдіріп отыр.

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале