28.06.2015, 0:53
Оқылды: 27

Оралда Қадыр ақынның ескерткіші мен орталығы ашылды

Kadir oblis akimi     Бүгін Орал қаласында Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар басталды. 

Жан-жақтан жиналған жұртшылық алдымен Қадыр ақынға орнатылған ескерткіштің ашылу рәсімінің куәсі болды.

Онда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Елбасы жариялаған ҚХА жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата заң мен Ассамблеяның 20 жылдығы сынды мерейлі мерекелер жылына айналып отыр. Соның ішінде ұлт тұтастығын сақтап, қазақ елінің бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғалардың бірі Қадыр Мырза Әлінің орыны айрықша. Қаламының қуатымен, дара дарынымен, ұшқыр ойымен сан қабат тіршіліктің кейбір келеңсіз көріністерін өткір сынай отырып, халқының бар қадыр-қасиетін, мінез-келбетін Қадырдай көрсете білген талант кемде-кем. Ендеше, оған ел құрметі де мәңгілік.

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаев тебірене сөз алды.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Сенат депутаты, ақын Нұрлан Оразалин Қадыр ескерткіші мен орталығының ашылуы қазақ халқының рухани өміріндегі елеулі оқиға, ел әдебиеті мен өнеріне көрсетілген құрмет екендігін жеткізді. Алтын Орданың ту тіккен жері, ежелден ноғайлы, қазақ жайлаған Ақ Жайықта Қадырдай ақынның дүниеге келуі заңдылық. Бүгінде ол күллі қазақ елі қадірлеп, құрмет тұтатын ұлы тұлғаға айналды. Бұдан кейін Н.Оразалин ақынға арнаған «Жайықпен амандасу» атты өлеңін оқып берді.

Ақынның зайыбы Салтанат Мырзалиева Қадырға көрсетіліп жатқан құрмет үшін еліне шынайы ризашылығын білдірді. «Өзім үшін күресте жеңілсем де, Елім үшін күресте жеңілмеймін», деп өткен Қадырдың бұл елге оралуы, мәңгілік ғұмырының басталуы десе де болады.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале