9.11.2015, 10:05
Оқылды: 37

Оралда ұйғыр мәдениетінің күні тойланды

Yigir madeniet kynderi    А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында ҚХА жылы аясында ұйғыр мәдениетінің күні тойланды.

Театр фойесінде ұйғыр халқының өмірі мен мәдениетінен сыр шертетін қолданбалы өнер туындылары, Қазақстанның өркендеп, дамуына сүбелі үлес қосқан осы ұлт қайраткерлері туралы жазылған кітаптар көрмесі қойылды. Келушілер ұйғыр ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Мерекеге «Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Шаймардан Нұрымов, «Ұйғыр Авази» газетінің бас редакторы Ершат Асматов, республикалық орталық жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы Санат Бешірова  және басқа меймандар қатысты.

Шарада алдымен сөз алған Шаймардан Нұрымов Қазақстандағы ұйғырлардың өз мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін сақтап, әдебиеті мен өнерін одан әрі өрістетіп отырғандығын атап өтті.  Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында өз орталықтарын құрып, жоспарлы істерін атқарып келе жатқан ұйғыр ұлтының өкілдері де ел бірлігін нығайтуға өз үлесін қосып келеді.

Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов ҚХА жылы аясында этностар күнінің осындай шырайлы шаралармен айшықталып отырғанына тоқталса, өңірдегі ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі Әсиям Үсенова аталмыш мерекенің Оралда тұратын ұйғырлардың мерейін бір өсіріп тастағанын жеткізді. Әсіресе, мейрамға мемлекеттік ұйғыр театры  әртістерінің де қатысып, театр төрінде өнер көрсетуі ерекше әсер қалдырды. Олардың ұйғыр тілінде ән шырқап, ұлттық билерді орындауы кеш шырайын аша түсті.

Айта кетейік, қазақстандық ұйғырлардың басым көпшілігі Алматы облысын мекендейді. Ұйғырлар - Орталық Азиядағы ежелгі  жазуы бар көне түркі халықтарының бірі. Ұйғыр тілі түркі тілдерінің оңтүстік-шығыс тобындағы қарлұқ бұтағына жатады. Қазақстанда ұйғыр тілінде көркем, қоғамдық-саяси, ғылыми әдебиеттер, мерзімді басылымдар жарық көріп, мемлекеттік ұйғыр театры қызмет етеді.

Батыс Қазақстанда 17 этномәдени бірлестік болса, соның ішінде ұйғырлар да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале