22.03.2016, 18:58
Оқылды: 36

Оралда Ұлыстың ұлы күні мерекелік шараларға толы болды

Naurizdi toilau   22 наурыз күні Орал қаласындағы орталық Абай алаңында Ұлыстың ұлы күніне арналған «Наурыз-думан» атты театрландырылған концерттік бағдарлама қойылды.

Наурыз мерекесіне орай театрландырылған көріністер көпшілік назарына ұсынылып, әсем ән әуелеп, күмбірлеген күй төгілді.


Жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен өңір басшысы Нұрлан Ноғаев құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. «Күн мен түн теңесіп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында, міне, Наурыз мерекесі де келіп жетті. Қаһарлы, боранды әрі аязды қыстан кейін жердің беті жібіп, малдың аузы көкке ілінер тұс.  Бүгін қар жауып тұр, бұл да жақсылықтың белгісі деуге болады. Наурыз - барша халқымыз үшін ең ұлық мереке. Бұл - бірліктің, жасампаздықтың мерекесі. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары діни мейрам деп тыйым салынған Наурыз сексенінші жылдары қайта жанданды. 1991 жылы Елбасы Жарлығымен тұңғыш рет мемлекеттік мейрам ретінде аталып өтілді. Содан бері ұлтына, дініне қарамастан, барлық  Қазақстан халқы Наурызды тойлап келеді. Еліміздің одан әрі қарыштап дамуына барлық жағдай бар. Мемлекет басшысының белгілеген реформа, берген тапсырмаларын барша қазақстандықтардың орындайтынына күмән жоқ. Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы кеңінен тойланады. Бұл да - еліміз үшін аса елеулі мереке. Алдыңғы буынның атқарған істерін жас ұрпақ жалғастыра отырып, алға баса беретін болады. Ұлттық құндылықтарды, озық салт-дәстүрлерімізді сақтай отырып, рухымыз биік, тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау маңызды. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», деді әкім.

Наурыз мейрамына орай Достық даңғылында 25 киіз үй тігіліп, тұрғындарға тегін дәм ұсынылды. Көрісу айт, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, тоқымқағар секілді ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілді. Ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыс та келушілерді бей-жай қалдырмады.

Оралға қарасты Зашаған, Деркөл, Круглоозерный, Серебряков, Желаев кенттерінде де мейрам өз дәреже-деңгейінде тойланды. Жалпы, қалада мерекелік шараларды өткізуге бюджеттен 4 млн. теңге бөлінді.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале