28.02.2015, 11:35
Оқылды: 41

«Оралдықтардың діни білімі ЖОҒАРЫ ЕКЕН»

dsc_0077


23-25 ақпан күндері аралығында қаламыздағы №30 мектептің мәжіліс залында Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың «БҚО бойынша 2015 жылға арналған ақпараттық-насихат топтарының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» орындау мақсатында ақпараттық-насихат топтары (АНТ) мүшелерін оқыту семинары өтті. Оған Қарағанды қаласындағы «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, республикалық АНТ мүшесі, теолог ғалым Рүстем Сыздықов қатысып, дәріс оқыды. Семинарда діни экстремизм мен терроризммен күрес мәселесі сөз болатын себепті діни сауаты әуелден жоғары облыс имамдары түгел қатысты.


Семинарға облыстық жедел топ АНТ мүшелеріне қоса, облыс имамдары, құқық қорғау органдары өкілдері, оқу орындарындағы діни мәселе жөніндегі кураторлар, жастар көшбасшылары, барлығы 120 адам қатысты. Дәстүрлі емес ағымдардың ықпалында жүрген адамдарға психологиялық көмек беру арқылы дәстүрлі исламға оралту, қазақ халқының тарихы, салт-дәстүр, мәдениет, ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы экстремизм мен терроризмнің таралуына жол бермеу, Қазақстан халқының рухани мұрасын насихаттау мақсатында оздырылған семинарды БҚО дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов ашып, облыстағы діни ахуал туралы қысқаша баяндап өтті.

Үш күнге созылған семинарда ислам діні, исламшылдықтың исламнан, Ханафи мазхабының сәләфи-уаххабилерден айырмашылығы, Алла Тағаланың сипаттары, Пайғамбар мен оның сахабаларының, исламдағы атақты ғалымдардың және қазақ халқының ұлы ағартушыларының аяттар туралы ұстанымдары, жиһад, иман, оның шарттары, мұсылмандардың әдет-ғұрыптары, дәстүрі, зайырлы және діни білім алудың маңыздылығы, Қазақстандағы ислам дінінің даму кезеңдері мен ерекшеліктері, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басты мақсаттары, сәлләфи-уаххабилердің діни-саяси құрылымы, радикалдану кезеңдері діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда әр түрлі топтармен жұмыс істеу әдістері оқытылды. Сондай-ақ қатысушылар АНТ-тың мақсат-міндеттерімен танысып, алдағы уақытта атқарар жұмыстары туралы толық ақпарат алды. Жатық тілмен, көпшілікке түсінікті дәріс берген Рүстем Сыздықовқа сұрақтар да көп қойылды.

- Семинардың басты мақсаты - тыңдаушыларда дәстүрлі Исламның ханафи мәзхабының рухани-болмыстық қағидаларын қалыптастыру, - деді Рүстем Мәлікұлы. ҚР аумағында кездесетін қауіпті деструктивті ағымдардың дәстүрлі Исламнан концептуалды айырмашылығын ажыратып беру. Ислам радикалды және дәстүрлі деп екіге бөлінбейді. Ол – бейбітшілікті насихаттайтын дін. Ал исламның атын жамылған, әлемде және біздің елімізде сегрегация мен зорлау саясатын тудыратын түрлі деструктивті ағымдар - ислам дінінен емес. Олар ислам дінінің атын жамылған теріс ағымдар. Ислам дінінің зорлыққа, қылмысқа, кісі өлтіруге ешқандай қатысы жоқ. Идеялық орталықтары шет елдерде орналасқан кейбір жымысқы топтар ислам дінін саяси құрал ретінде пайдаланып, террор саясатын үндейді. Ал оның негізінде белгілі мемлекеттердің билік элиталарының табиғи ресурстарға, мәселен, күкіртсутегіне немесе жалпы ықпал етушілікке деген геосаяси қызығушылықтары жатыр.

АНТ мүшелерінің танымдық белсенділігін, талдау, салыстыру, қорытындылау қабілеттіліктерін дамыту, қабылданған ақпаратты талдауға, зерделеуге үйрету, қазақстандық патриотизмді, гуманизмді, төзімділікті сананы, түрлі деструктивті діни идеологияларды қабылдамайтын иммунитет қалыптастыру, зайырлы мемлекеттің салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауды қалыптастыру бағытында өткен оқыту семинарына қатысып, дәріс алғандар 90 сұрақтан тұратын тест тапсырды. Махамбет Ихсанғали (Орал қаласы), Нұртай Текебаев (Жәнібек ауданы), Қобыланды Демеуітов (Сырым ауданы), Мейрамбек Абдрахманов (Бөрлі ауданы), Нұргүл Ғұмарова (Бөкей ордасы ауданы), Әлия Исқақовалар (Жәнібек ауданы) ең үздік сертификатқа ие болды. 12 тыңдаушы діни білімінің жеткіліксіздігінен сыннан өте алмады.

Семинарды қорытындылап, тыңдаушыларға сертификат табыс еткен БҚО дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов №30 мектеп директоры Ләззат Қойбағарқызына алғыс айтып, діни әдебиеттерді сыйлады.

- Үш күн бойы қалта телефондарыңызды сөндіріп қойып, дәрісті тапжылмай тыңдап, сан алуан сұрақтар қойып, білімге деген құштарлықтарыңызды танытқандарыңыз үшін алғысым шексіз. Мен республиканың көптеген аудиториясында дәріс оқимын. Оралдықтардың діни білімі жоғары екен. Бұл өте қуанышты. Енді осы білімді жат ағымдармен күресте тиімді пайдаланады деп сенемін, - деді Рүстем Сыздықов. Зеленов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талшынай Жүнісова семинарға қатысушылар атынан ғалымға сый-сияпат тапсырып, алғыс айтты.


 

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

 

Гүлмира ХАЙРУЛЛИНА,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың кураторы:

- Мамандардың діни сауаттылығын арттыруда семинардың бергені мол. Дін бүгінгі қоғамда өте күрделі мәселеге айналып отыр. Дін еріккеннің ермегі емес. Дін жөнінде оңды-солды сөйлей беруге болмайды.

Дінге бару үшін үлкен жауапкершілік, терең білім керек және діннің тарихын, талаптарын, өз еліңнің, Отаныңның тарихын білуің керек. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да студенттердің діни сауатын арттыруда біршама жұмыстар атқарылуда. Теологтардың көмегімен университетте, «Фатима» қыздар клубында, жатақханаларда әр түрлі тақырыпта рухани-танымдық кездесулер өтіп тұрады. Оқу орнына әр бейсенбі сайын теологтар келеді. Дін жолында жүрген студенттердің діни сауатының кемдігінен адасып, жат ағымның ықпалында кетпеуі үшін мамандар белсенді жұмыстар жасауда. Орамал тартып, мұсылманның барлық шарттарын сақтап жүрген студент қыздарымыз бар. Бөтен ойлары жоқ, үздік оқитын ол қыздармен жақсы қарым-қатынастамыз. Ондай қыздарымызды орамал тартты деп шеттетпей, құрметпен қарауымыз қажет деп ойлаймын.


 

 

Гүлдана АТКЕШОВА,

Жәнібек аудандық колледжінің психологы:

- Семинар жоғары деңгейде өтті. Ауданда дінге байланысты шаралар өткізгенде кейбір сұрақтарға жауап бере алмай қалатынбыз. Семинардың арқасында біршама мағлұмат алдым.

Енді студенттердің сұрақтына жауап бере аламын деп ойлаймын. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырумен ауыл имамдары, мұғалімдер, ақсақалдар кеңесінің жиыны апта сайын өтіп тұрады. Бүгінде түрлі жат ағымдармен күресу жақсы жолға қойылып жатыр. Әлгіндей адасушылыққа ұрынған адамдармен түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Алайда олардың көбі ауданда есепте тұрғанымен, өздері көшіп кеткен.


 

 

Дастан АҚШОЛАҚОВ,

БҚ АТиСО академиялық колледждің кураторы:

- Колледжде намаз оқитын, сол жолда жүрген балаларға дәстүрлі дінді түсіндіру, жат ағымға кетудің алдын алу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Дәстүрлі дініміз туралы мешіттен білім алмай, ғаламтор арқылы танысып, дос-жаран, жолдас-жора арқылы ақпарат алып, адасып жүрген балаларға дұрыс жол сілтеу – жекелеген мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Семинарда алған білімімізді жетілдіріп, жастарға түсіндіру – біздің мақсатымыз. Осыған дейін білмеген мәселелерді ұғып, біршама сауат аштық. Намаз оқитын, дәстүрлі ислам жолында жүрген 1-2 студентіміз бар. Сәләфи-уаххабилер немесе қара жамылып, тұмшаланып жүрген қыздар жоқ. Жалпы, студенттердің басым бөлігі – қалада туып-өскен орыстілді, дінге көп алаңдамайтын балалар. Менің куратор болып істегеніме 3 жыл болды. Бірақ, жасыратыны жоқ, биыл ғана жұмысқа белсенді кірістік. Қозғалыс басталды, енді алған білімімізді әлі де жетілдіріп, бүгінгіден бетер белсенді жұмыс істеуіміз қажет. Оқу орнында діни әдебиеттер жеткілікті. Енді осымен тоқтап қалмай, діни білімімізді көтеру үшін облыстағы діни басшылық тарапынан әлі де талай шаралар өтеді деп сенеміз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале