22.09.2015, 10:04
Оқылды: 23

Оралдың жылу құбырлары «жасаруда»  

 

 

Kybirlar  Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаменті «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу желілерін жаңғырту жұмыстары бойынша пресс-тур ұйымдастырды.

Қазір облыс орталығын жылумен, ыстық сумен қамтитын кәсіпорынның қарамағында 219,7 шақырымдық жылу желілері бар. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Оралдағы жылу желілерін жөндеуге республикалық бюджеттен 596,8 млн. теңге қаржат бөлініп, игерілуде. Осы республикадан бөлінген және кәсіпорын қаржатына қайта құрылып, жөнделіп жатқан 4 нысанда болып, жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқынымен таныстық.

– Қазіргі уақытта жұмыс ауқымының 70 пайызы еңсерілді. Қазанның 1-інде жылу магистралін іске қосып, ыстық су бере бастаймыз. Қайта құру жұмыстарының жобалық құны 222 млн. 189 мың теңге. Бұл учаскеге қоса серіктестік Ш.Айталиев-Политехническая, Жамбыл көшелерімен Чкалов көшесіндегі 2-жылу торабына дейінгі 685 шақырымдық жылу құбырын жаңасымен ауыстырып, салудамыз. Онда да жұмыстың 70 пайызы орындалды. 1 қазанда сол көшелердегі құбыр желісіне  ыстық су беріледі, -деді Е.Аткеев. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 12 адам жұмысқа тартылған.

Кәсіпорынның теңгеріміндегі жылу құбырларының 53 пайызы ескірген. Мына нысандардың жаңартылуымен ескірген құбыр көрсеткіші 53 пайыздан 52,7 пайызға төмендемек. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2016 жылға Т.Масин көшесіндегі 500 метрлік  ТМ-7, 4-шағын аудандағы ТМ-8 жылу магистралын жаңғырту жоспарланған.

«Жайықжылуқуат» кәсіпорнының жылу инспекциясының бастығы Бекболат Камешовтың айтуынша, жылу-қуат орталығының қысқа дайындық жұмыстары барысында 20-22 күндері Орал қаласына ыстық су беру жұмыстары жоспарлы түрде уақытша тоқтатылған. Алайда қала қайтіп ыстық суға қосылғанда, осы қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатқан  аумақтарға қатысы бар қаланың 5,6,7 шағын аудандарында қазанның 1-іне дейін ыстық су болмайды.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале