13.02.2016, 23:33
Оқылды: 22

Орал қаласында биыл 90 мың шаршы метрді құрайтын 14 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

  ashett   Бүгін өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындары алдында есептік кездесуін өткізді.


Алтай Сейдірұлының айтуынша, негізгі қаржыға қосылған инвестиция көлемі 56,6 млрд теңге жетіп, 2014 жылғыдан (51,7 млрд. теңге) 9,5 пайызға көбейді. Соның ішінде республикалық бюджет есебінен 15,3 млрд теңге, жергілікті қазына есебінен 5,6 млрд теңге құйылды. Кәсіпорындардың өз қаржысы 55 пайызды немесе 31,2 млрд теңгені құрады. Бұл 2014 жылғымен салыстырғанда, 26 пайызға артық.

Қаланың жалпы бюджеті 26,5 млрд теңге болса, соның 46 пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, 20,5 пайызы (5,5 млрд теңге) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол-көпір шаруашылығы, күрделі және ағымдағы жол жөндеу, қала көшелерін жарықтандыру, абаттандыру секілді жұмыстарға жұмсалды. Тұрғын үй құрылысына, сондай-ақ әлеуметтік нысандарға 5,2 млрд теңге (19,7 пайызы) бөлінді.

Қала басшысы басқа салаларда атқарылған жұмыстармен қатар алда тұрған мақсат-міндеттерге тоқталды. Мысалы, қалада биыл құны 10,6 млрд. теңге тұратын жалпы алаңы 90 мың шаршы метр 14 үйді пайдалануға беру көзделуде. Соның ішінде 9 үй «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес салынып, кезекте тұрғандар үшін 1004 пәтер іске қосылмақ.  Сондай-ақ биыл 2 млрд теңгеге 20 км қала жолдары жөнделетін болады.

Есептік жиында қала тұрғындары қойған сауалдарға жауап берілді.

Кездесуге қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қалада ауқымды істер жасалғанын, Елбасы тапсырмаларына сәйкес жоспарлы жұмыстардың кезегімен атқарыла беретінін атап көрсетті.

www.zhikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале