15.04.2016, 12:29
Оқылды: 79

Жаңа үлгідегі мейрамхана ашылды

Ashilui Burger   Бүгін қаламыздың Еуразия даңғылы бойынан «Burger King®» халықаралық желісінің мейрамханасы ашылды. Мейрамхананың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов және Қазақстандағы «Burger King®» компаниясының президенті, директорлар  кеңесінің төрағасы Әнуар Өтемұратов қатысты.


         1954 жылдан бастап әлем нарығын жаулаған «Burger King®» мейрамханаларының басты ерекшелігі тағамды ашық отта дайындау болып табылады. 2012 жылдан бастап еліміздің ірі қалаларында сауда нүктелерін ашып, қарқынды дамыған компанияның бұл 27-ші мейрамханасы. Көлемі 300 шаршы метрді құрайтын мейрамхана күніне мыңнан астам келушілерге қызмет көрсетуге қауқарлы. Сондай-ақ мұнда бүлдіршіндерге арналған EyeClick интерактивті балалар алаңқайы жасақталған. Бұл сауда орнының тағы бір өзгешелігі келушілер мейрамханаға кірмей-ақ сыртта көлікте отырыпта тапсырыс бере алады. Бұдан бұрын өңіріміздің Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларында мейрамхана жүйесін ашқан компания болашақта талғамы жоғары тұтынушылар үшін тағы алты мейрамхана ашуды жоспарлап отыр.
- Қаламызда осындай жоғары дәрежедегі мейрамхананың ашылуы жақсы жаңалық. Көп жылдар бойы осы жерде қараусыз қалып, қаламыздың көркін кетіріп, айналасы күл-қоқысқа толы болған иесіз нысан бүгінде әсем мейрамханаға айналды. Аз уақыт бұрын осындай мейрамхана ашуға ниет білдірген инвесторлармен келісім жасалған еді. Бүгінде өз қаражаттарымен 200 миллион тенгенің құрылысын жүргізіп, әлемдік стандарттарға сай тамақтану орнын ашып отыр.  Жаңадан ашылған мейрамхана он жеті адамды жұмыспен қамтығаны да көңіл қуантады. Алдағы уақытта да өңірімізге келіп, кәсібін дамытамын деушілерге әрдәйім қолдау көрсетуге әзірміз. Мейрамхана иесіне құтты болсын айтып, кәсібіне жеміс тілеймін, - деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

         Салтанатты лента қию рәсімінен соң өңір басшысы мейрамхананы аралап көріп, тағамдарынан дәм татты.

www.zhaikpress.kz

Нұрбек  ОРАЗАЕВ

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале